Зағиптар теннистен республикалық турнирге қатысты

Зағиптар теннистен республикалық турнирге қатысты
1780

Шоудаун деп аталатын зағиптарға арналған үстел теннисінен республикалық турнир Тәуелсіздік күніне орай Астана қаласы «Аспан» спорт кешенінде болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Екі күнге жалғасқан турнирге 12 облыстан 24 қатысушы келді. Жарыста әр облыстан бір ер, бір әйел бақ сынады. Турнир Астана қаласы әкімдігі Дене шынықтыру және спорт басқармасы, Шоудаун соқырлар үстел теннис федерациясы, «Көзімнің қарасы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтті. 

Біздің мақсат – ерекше қажеттілігі бар жандар күйзеліске түсіп, үйде отырып қалмауы үшін олардың спортқа деген көзқарасын өзгертіп, өмірге деген құлшынысын арттыру. Яғни қанаттандыру, жігерлендіру, шабыттандыру. Өйткені адам жанарынан айрылған кезде 80 пайыз әлемді көзбен танитын болған соң қиындықтар көп болады, - деді «Шоудаун соқырлар үстел теннис федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Жүзбай Серікұлы.

Жүзбай Серікұлы – көз жанарынан І топ мүгедектігі бар ерекше жан. Ол Шоудаун үстел теннисі туралы естіген соң осы  саланы толық меңгеру үшін көп уақыт ізденісте болғанын айтты. Сондай-ақ Шоудаун теннисінің қарапайым үстел теннисінен ерекшелігін түсіндірді.

Шоудаун үстел теннисін екі адам қақпаның рөлін атқаратын ойын қалталары бар төртбұрышты үстелде ракетка мен дыбыс шығаратын  доптың көмегімен ойнайды. Ойынның мақсаты – допты үстелден төмен қарай орналасқан қарсыластың ойын қалтасына түсіру, ал қарсылас оны бөгеуге тырысады. Басқа теннис доптарымен салыстырғанда Шоудаун теннис добы қозғалыс кезінде ішіндегі кішкентай металл шарлардың арқасында дыбыс шығарады. Ойыншы қолына арнайы қолғап киіп, көзіне ештеңе көруге мүмкіндік бермейтін көзілдірік тағып, дыбыспен ойнайды, - деді ұйымдастырушы.  

Жүзбай Серікұлы Showdown әзірге әлем бойынша паралимпиадалық ойындар қатарына кірмегенін атап өтті. Сондықтан Шоудаун үстел теннисіне Үкімет  аккредитация беріп, министрліктің аталған ойынды реестрге тіркеуі әлі де жүзеге аспай жатқанын айтады. Сондықтан Шоудаун үстел теннисіне арналған үстелдерді, қалалық, республикалық турнирлерді Жүзбай Серікұлы әзірге демеушілердің көмегімен жүзеге асырып жатыр.     

Барлық облыста Шоудаун соқырлар үстел теннис федерациясының филиалдарын ашып жатырмыз. Қазір ашылмаған 4 облыс бар. Оны ашсақ, 3 қала, 17 облыста болады. Одан кейінгі жоспар зағип жандарды оқыту, үйрету, шетелге шығару. Ендігі жылға да турнирлерді жоспарлап қойдық. Сосын Ресеймен келісім жасап қойдық. 2023 жылдың ақпаны не маусымында Ресейге барамыз. Сондай-ақ Италия, Франция және Түркия мемлекеттерімен сөйлесіп отырмыз, - деді ол. 

Жарыс қорытындысы бойынша ерлер ішінде Айдар Саташев жеңіске жетсе, әйелдер арасында 1-орынды Гүлсара Қаттабекова алды. Ал Шоудаун үстел теннисінен Қазақстан бойынша Астана қаласының ойыншылары үздік деп танылса, 2-орынды Алматы облысы иеленді. Ал облыс бойынша 3-орын Солтүстік Қазақстанға бұйырды.     

Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: дереккөз
Өзгелердің жаңалығы