Соккадан Қазақстан құрамасы Кишинёвте өткен "Socca EuroCup-2024" финалында 3:0 есебімен Хорватия командасын жеңді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ойынның алғашқы минутында қазақстандықтар екі рет гол салды. Абай Елемесов (2-ші минут) пен Бекруз Пишкар (15-ші минут) команданы алға шығарды. Матчтың екінші жартысында Талғат Өтепбергенов 39-шы минутта командаға тағы бір гол сыйлады.
Осылайша, соккадан ел құрамасы екінші жыл қатарынан Еуропа чемпионаты титулын иеленіп отыр. Былтыр Қазақстан финалда Румынияны ұтқан еді.
Федерацияда биыл финалға жеткенге дейін команда 7 рет жеңіске жеткенін айтты:
- Қазақстан 3:0 Оман
- Қазақстан 1:1 Германия (2:1 буллит бойынша)
- Қазақстан 2:1 Испания
- Қазақстан 9:2 Бельгия
- Қазақстан 3:2 Оман
- Қазақстан 5:1 Кипр
- Қазақстан 3:0 Италия
Сокка – мини-футболдың бір түрі болып саналады. Бұл жерде ойыншылар саны мен алаңның көлемінде айырмашылық болады. Матч 6-да 6 ойыншы форматында, 20 минуттан екі тайм бойынша өтеді.