Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «QAZAQSTAN» ұлттық телеарнасына берген сұхбатында жауап берді.
«Сіз екі мерзім ғана Президент қызметін атқаруыңыз мүмкін екенін айттыңыз. Олай болса, келесі сайлауға қатысатыныңыз анық қой?» деген сауал қойды тілші сұхбат барысында.
Бұл мәселе Конституциямызда жазылған. Президентке екі мерзім берілген. Оны бұзуға болмайды. Наурыздағы Жолдауымда, мүмкін, осы маңызды мәселе жөнінде өз пікірімді айтармын. Ал бірақ қазір сайлауға барамын ба, бармаймын ба оны айта алмаймын, - деп жауап берді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент «Сіз негізінен, дипломатия, сыртқы саясат туралы бірнеше кітап жаздыңыз. Солардың ішінде Елбасының тұлғасына арналған «Ол тарихты жасап жатыр» деген туындыңыз бар. Қазіргі таңда сол кітапты жазғаныңызға өкінбейсіз бе? Бұдан басқа, жаңа кітаптар жазу жоспарыңызда бар ма?» деген сұрағына былай деп жауап берді.
Өкінбеймін. Тұңғыш Президентіміздің еңбегі туралы кітапқа келсек, қазақта «Өткен іске өкінбе» деген сөз бар. Мен көптеген оқиғаға куә болған адаммын. Сондықтан, қағазға түсіргенді жөн көрдім. Оқырмандардың пікірінше, кітаптарым жоғары деңгейде жазылған. Мысалы, әлі күнге дейін студенттер менің кітаптарымнан қажетті мағлұматын алып, пайдаланып жүр. Жоспар туралы айтсақ, кейбір ойларымды түртіп қойып, күнделік жазатыным бар. Мүмкін, болашақта қажет болар. Келешекте қазіргі өміріміз туралы ауқымды кітап жазу ойымда бар. Амандық болса жазамын, - деп ағынан жарылды Қасым-Жомарт Тоқаев.