Өткен аптада Қазақстанның бірнеше өңірінде өнеркәсіп, көлік, ауыл шаруашылығы және энергетика салаларындағы жаңа нысандар пайдалануға берілді. Сонымен қатар инженерлік инфрақұрылым жаңғыртылып, ауылдарға табиғи газ тартылды. Бұл жобалар өндірістік әлеуетті арттыруға, көлік қатынасын жақсартуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын көтеруге бағытталған.
Өнеркәсіп және өндіріс
Ақмола облысында 7,4 млрд теңгеге жаңа металлургиялық кешен іске қосылды. Кәсіпорында айына 2-3 мың тонна қорғасын құрамды шикізатты қайта өңдеу жоспарланған. Жоба шикізатты терең өңдеп, қосылған құны жоғары өнім өндіруге мүмкіндік береді.
Инфрақұрылымды дамыту
Алматыда Наурызбай және Бостандық аудандарының 15 мыңға жуық тұрғынын сумен қамтамасыз ететін су құбыры алаңын реконструкциялау аяқталды. Жоба аясында сорғы стансасы салынып, жалпы көлемі 2 мың текше метр болатын екі таза су резервуары жаңартылды. Сондай-ақ инженерлік желілер мен автоматты бақылау жүйесі жаңғыртылды.
Қостанай облысында Қостанай – Мамлютка республикалық маңызы бар автожолының 43 шақырымына орташа жөндеу жүргізілді. Жобаның құны 5,6 млрд теңгені құрады. Жұмыс жол қауіпсіздігін арттырып, көлік қатынасы мен өңірдің логистикалық мүмкіндіктерін жақсартуға бағытталған.
Ақтөбе облысының Қарауылкелді ауылында реконструкциядан кейін теміржол вокзалы қайта ашылды. Ауданы 207,73 шаршы метр ғимарат жаңартылып, 25 орындық күту залы жабдықталды. Вокзал маңы абаттандырылып, жолдар мен жаяу жүргіншілер жолдары ретке келтірілді.
Ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу
Қостанай облысында 3,2 млрд теңгеге 400 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы іске қосылды. Кәсіпорын жылына 4 380 тоннаға дейін сүт өндіруге қауқарлы. Германиядан голштейн тұқымды мал әкелініп, 30 жұмыс орны ашылды.
Ақмола облысының Еңбек ауылында құны 8,1 млрд теңге болатын сүт-тауарлы ферма пайдалануға берілді. Кешен 900 басқа есептелген. Жобалық көрсеткіш бойынша жылына 4 230 тонна сүт өндіру көзделген. Кәсіпорын заманауи жабдықтармен және қалдықтарды өңдеуге арналған биокешенмен жабдықталған.
Энергетика
Қостанай облысында қуаты 100 МВт болатын жел электр стансасы іске қосылды. Жобаға 38,6 млрд теңге инвестиция салынған. Стансада әрқайсысының қуаты 6,25 МВт болатын 16 жел генераторы орнатылған.
Жаңа нысан жылына 380 млн кВт/сағатқа дейін электр энергиясын өндіре алады. Бұл өңірдің энергетикалық әлеуетін арттыруға үлес қосады.
Жетісу облысының Панфилов ауданындағы бес ауылға табиғи газ жеткізілді. Жиделі, Ақарал, Қызылжиде, Сарпылдақ және Керімағаш елді мекендеріне жалпы ұзындығы 58 шақырым газ құбыры тартылды. Нәтижесінде 1,5 мыңға жуық тұрғын көгілдір отынға қол жеткізді.