Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Партияішілік сайлау жастардың белсенділігін арттырды, дейді Шығыс Қазақстан облысынан праймеризге қатысып жатқан аймақтағы «Достық-үйі Келісім орталығы» басшысының орынбасары Равиль Юнусов.
Бұл бастамада жастардың өз ойларын ортаға салып, белсенділік танытуы қуантады. Ел болашағы - жастар дегенді іс жүзінде танытып жатқандаймыз. Праймериз ел жастарының әлеуметтік, саяси және өзге де мәселелерді шешудегі рөлін кеңейтуге мүмкіндік береді деген ойдамын, - дейді Равиль Юнусов.
Оның айтуынша, кез келген елдің мемлекеттік органдарында олардың үлесі басым болуы керек.
Праймеризге неге қатыстым? Ең алдымен жаңаша көзқарастағы жастардан құралған штаб жасақтау идеясын іске асыру мақсаты бар. Жас буынның ел өміріне араласып, мәселелерді шешетін уақыты келген сияқты. Осы күнге дейін осы контингетпен көп жұмыс істедім. Олардың жағдайымен жете таныспын. Бұл ғана емес, қоғамда елдің дамуына үлес қосып, мәселелердің шешілуіне атсалысқысы келетін жастар өте көп. Праймериз сондай ұлтжанды жастардың мақсатына жан бітіреді деп сенемін, - дейді ол.