Ел қауіпсіздігі – Қарулы Күштер қызметінің басым бағыты

28 Қараша 2021, 13:07
1040
Бөлісу:
Ел қауіпсіздігі – Қарулы Күштер қызметінің басым бағыты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Мұрат Бектановтың төрағалық етуімен өткен жиында Қазақстан Қарулы Күштерінің 2021 жылғы қызметі қорытындыланды.

Іс-шараға Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Әсет Исекешев қатысты. Ол әлемде және өңірде қалыптасқан күрделі жағдай шарттарында армияның кез келген сыртқы сын-қатерге тойтарыс беруге және мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әзір болуға тиіс екенін, ал әскердің жауынгерлік әзірлік деңгейінің жай-күйі Қарулы Күштер Жоғарғы Бас қолбасшысының ұдайы бақылауында екенін атап өтті.

Қазақстанда әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажетті стратегиялық және бағдарламалық құжаттар әзірленді. Бұл – 2021–2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының «Елдің қорғаныс қабілетін нығайту» бөлімі, жаңа Ел қорғанысы жоспары құжаттарының жиынтығы, жаңа 2030 жылға дейін Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың құрылысы мен даму тұжырымдамасы. Тұжырымдаманы іске асыру тетіктерінің бірі Президент бекіткен «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы болып табылады.

Алқада Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған Әскери доктринаны қайта әзірлеу және мерзімді қызмет әскери қызметшілерін экономиканың нақты секторында талап етілетін мамандықтарға оқыту жөніндегі тапсырмалардың іске асырылу барысы баяндалды.

Ел Президенті Қазақстан халқына Жолдауында өңірдегі әскери-саяси ахуалдың өзгеруін, одан әрі орта мерзімді кезеңге арналған мемлекеттің әскери қауіпсіздігін ұйымдастыру пайымын ескере отырып, Әскери доктринаны қайта әзірлеу бойынша тапсырма берді. Елдің қорғаныс қабілеті, Қарулы Күштерді қазіргі заманғы қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандыру, сондай-ақ әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері Жоғарғы Бас қолбасшының басты назарында, – деп атап өтті қорғаныс ведомствосының басшысы.

Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлігі мен даярлығының жай-күйі, диверсияға қарсы қорғалу және әскерлер қызметі, армияны техникамен жабдықтау мәселелері талқыланды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, пәтер-пайдалану, тылдық және медициналық қамтамасыз ету нәтижелері, сондай-ақ әскери тәртіп пен құқық тәртібінің жай-күйі, сержанттар құрамының жұмысы туралы есеп беру қаралды.

Әскери ведомство қызметінің басым бағыты оқ-дәрілерді қауіпсіз сақтауды қамтамасыз ету болып табылады. Тыйым салынған аймақтар мен аудандарға байланысты қатынастар заңнамалық тұрғыдан реттелген. Президенттің тапсырмасын іске асыру үшін оқ-дәрілерді сақтау базаларының қазіргі заманғықұрылысы ұйымдастырылуда. Әскери объектілерде өрт қауіпсіздігі шаралары күшейтілді.

Қарулы Күштер Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығында «Ұлы дала әскері – Тәуелсіздік тірегі!» жауынгерлік ұранымен әскерлердің барлық даярлықтарын, оның ішінде халықаралық іс-шараларды орындады.

Армияда 84,5 мыңнан астам оқу-жаттығу мен жауынгерлік,оның ішінде түнгі уақытта 23,5 мыңнан астам оқ ату өткізілді. Оның ішінде, әскери қызметшілер 17,5 мыңға жуық парашютпен секіруді орындады, Әскери-әуе күштерінің экипаждары 762 ұшу ауысымын пысықтады, Әскери-теңіз күштері корабльдерінің экипаждары 150 рет теңізге шығып, Құрлық әскерлерінің бөлімшелері 1 200-ден астам далалық жорық жасаған.

Алқа отырысының қорытындысы бойынша Қорғаныс министрі 2022 жылғы Қарулы Күштер қызметінің басым бағыттарын белгіледі. Оқу жылыныңұраны – «Қарулы Күштердің 30 жылдығына – біздің ерен еңбегіміз!». Әскерлердің арналуы бойынша міндеттерді орындауға әзірлігін арттыруға, қару мен оқ-дәрілерді сақтаудың қауіпсіз жағдайларын қамтамасыз етуге, сондай-ақ әскери тәртіпті жақсартуға негізгі күш-жіге ржұмылдырылатын болады.

Өзгелердің жаңалығы