Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен Көкпардан ел чемпионаты жалғасуда.
Жамбыл облысы Тараз қаласы маңындағы Бестөбе атшабарында бес күннен бері өтіп жатқан тартыста еліміздегі ең таңдаулы командалар сынға түсуде.
Санитарлық талаптарды сақтай отырып, көрерменсіз көкпардың бүгінгі ойынында алаңға шығатын командалармен таныс болыңыздар.
БҚО – Қостанай облысы
Алматы қаласы – Алматы облысы
Нұр-Сұлтан қаласы – Павлодар облысы
Шымкент қаласы – Ақтөбе облысы
Түркістан облысы – Атырау облысы
Жамбыл облысы – Қызылорда облысы құрамалары жеңіс үшін жанталасатын болады.
Естеріңізге сала кетейік, Тараз төріндегі көкпар бәсекесінде 15 команда өзара мықтыны анықтап жатыр. 30 наурыздан 7 сәуірге дейін жалғасатын чемпионат аясында «Өнер көкпар» додасы өтеді.
(сурет - жеке мұрағаттан)
«Өнер көкпарын» ұйымдастырудағы басты мақсат – халықты ұлттық спортымызға тарту. Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры», ұлттық кодты жетілдіруді ұлттық спорт арқылы дамытуға шама-шарқымыз келгенше үлес қоссақ деген ниет. Сонымен қатар Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының бұқаралық спортты дамыту туралы айтқан ойын насихаттап, өз үлесімізді қоссақ дейміз. Бұрын ат мініп көрмеген, бірақ ата-бабасы ат үстінде өткен талай жігіт біздің қатарымызға қосылып жатыр. «Өнер көкпарында» алты команда өнер көрсетеді. Негізі қазіргі әлемдік жағдайдың тұсау болып тұрғаны болмаса, команда қатары мұнан да көп болар еді, – дейді «Өнер көкпарын ұйымдастырушы дәстүрлі әнші Досымжан Таңатаров.