Ел бюджетіне мейрамхана бизнесінен бір жылда 90 млрд теңге салық түскен

25 Тамыз 2023, 00:46
673
Бөлісу:
Ел бюджетіне мейрамхана бизнесінен бір жылда 90 млрд теңге салық түскен
Фото: baq.kz

Былтырдан бері бір ғана мейрамхана бизнесінен 90 млрд теңгеге жуық салық түскен. Ал ең көп салық төлеушілер – Алматы қаласынан. Дәл осы рестораторлық кәсіпке ден қойғандардың да қатары артуда. Соңғы бір жарым жылдың ішінде 8 мыңнан аса кәсіп иесі дәл осы мейрамхана бизнесі бойынша тіркелген, деп хабарлайды BAQ.KZ qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап.

Мейрамхана бизнесі бойынша былтыр 5 мыңнан аса кәсіп иесі тіркелсе, биылғы жылдың жеті айында олардың саны 3,5 мыңға жуықтаған. Соңғы бір жарым жылдың ішінде елімізде 8 мыңнан аса мейрамхана ашылған. Басым бөлігі жеке кәсіпкер ретінде тіркелген.

2022 жылдың қорытындысымен тек ғана мейрамхана бизнесінің өзінен бір жыл бойында еліміздің қазынасына 50 млрд теңгеге жуық салық түскен. Ал 2023 жылдың тек жеті айында дәл осы мейрамхана бизнесінен ел қазынасына 38 млрд теңге салық түскен, - деді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі Айнұр Сартаева.

Ал келушілердің көбі қоғамдық тамақтану орындарының саны ғана емес, қызмет көрсету сапасының да арта түскен айтады.

Сондай-ақ тамаққа тапсырыс берушілер саны да күрт артқан.

Үйден тапсырыс берушілер қатары көбеюде. Жалпы елімізде 73 мыңнан аса қоғамдық тамақтану орны бар. Сондай-ақ осындай жерлерде маңызды кездесулерді өткізуде жиіледі. Себебі бұл жерде интернетттен бастап барлық жағдай жасалған, - дейді ҚР қоғамдық тамақтану қауымдастығының төрайымы Вероника Нұрпейісова.

Жалпы қоғамдық тамақтану орындарынан соңғы бір жарым жылда 150 млрд теңгеге жуық салық түскен. Мемлекеттік кіріс комитетіндегілер былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда биылғы кіріс 24 пайызға артқанын айтады.

Өзгелердің жаңалығы