Еліміздің бірқатар өңірінде қолайсыз ауа райы жағдайына байланысты ІІМ барлық жүргізуші мен жаяу жүргіншілерді жол ережесін қатаң сақтауға шақырады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазіргі уақытта 20-дан астам учаске жабық, олар: Абай, Ақтөбе, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Карағанды, Қостанай, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстары.
Жолда жүру қағидаларын, соның ішінде ауа райына сәйкес жылдамдық режимін қатаң ұстаныңыздар. Алдыңызда келе жатқан көлікпен арақашықтықты ұлғайтыңыздар. Ауа райы жағдайына байланысты апаттық жарық белгілерін қосыңыздар. Маневр жасау мен жолақ ауыстырудан бас тартыңыздар.
Шұғыл шаруа болмаса, алыс сапарлардан уақытша бас тартқан жөн. Жоспарланған бағыттарды кейінге қалдырған жөн болады. Жолға шығу қатты қажет болған жағдайда, жүріс бағытын мұқият жоспарлап, көлік құралының техникалық жағдайын тексеріңіздер.
Уақытылы қабылданған сақтық шаралары жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді, — деді ҚР ІІМ ӘПК-нің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.