Экстремизм мен терроризмге қарсы күрес тақырыбында дөңгелек үстел өтті

10 Қыркүйек 2021, 10:25
2785
Бөлісу:
Экстремизм мен терроризмге қарсы күрес тақырыбында дөңгелек үстел өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Діни ахуалды талдау және дінтану сараптамасы институтының ұйымдастыруымен «Экстремизм мен терроризмге қарсы күрес: Орталық Азия елдері үшін жаңа сын-қатерлер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. 

Іс-шараға отандық және Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан республикаларының ғылыми-сарапшылық қауымдастығының өкілдері қатысты. 

Дөңгелек үстел барысында «Қазақстанның халықаралық қатынастар жөніндегі кеңесінің» төрағасы, діни экстремизм мен терроризм саласындағы сарапшы Ерлан Қарин баяндама жасап, Орталық Азия елдерінің алдында тұрған заманауи міндеттерге тоқталды. 

Экстремизм мен терроризмге қарсы күрес тақырыбында дөңгелек үстел өтті

«Дін, құқық және саясат» тәуелсіз талдау орталығының директоры Қадыр Маликов (Қырғызстан) Ауғанстандық ахуал аясындағы жаңа геосаяси жағдайға тоқталып, ықтимал қауіп-қатерлердің өзектілігін қарастырды. А. Арабаев атындағы қырғыз мемлекеттік университетінің профессоры Турсунбай Бакир уулу Талибан ұйымының соңғы жиырма жылдық тәжірибесіне тоқталып, оған қатысты саяси, ғылыми ұғымдар мен категорияларды қайта зерделеу қажеттілігін атап өтті. 

Аймақтық қауіптерді зерттеу орталығының директоры (Өзбекстан) Виктор Михайлов «Талибан» қозғалысы билікке келгеннен кейін болған жағдайларға талдау жасады. 

Сондай-ақ дөңгелек үстелге А.Сарым, А.Суханов, А.Сабдин, А.Избаиров, Б.Мырзаев, Д.Кенжетай, Ю.Шаповал, Е.Байдаров, А.Абдуазимов, С.Окилов, Ш.Ризоен және тағы басқа көрнекті саяси, қоғамдық сарапшылар мен ғылыми орта өкілдері қатысты. 

Дөңгелек үстел нәтижесінде сарапшылар Орталық Азия елдері үшін сын-қатерлерлердің бар екендігін және олардың ортақ екендігін айта отырып, өңір елдерінің ғылыми-сарапшылық әлеуетін біріктіру қажеттілігін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы