Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен және "Қазақстан Республикасындағы лаңкестік және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығы" қоғамдық қорының ұйымдастыруымен онлайн форматтағы оқыту семинары өтті.
"Дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелерін даярлау және қайта даярлау бойынша жұмыстарды ұйымдастыру" гранттық жобасы аясында өткен курсқа ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша бас имамы Болатбек Ұлақсанұлы бастаған Сыр имамдары, ақпараттық насихат топтарының мүшелері қатысты.
Оқыту семинарының мақсаты – халықтың нысаналы топтары арасында ақпараттық насихат тобы мүшелерінің құзыреттілігі мен әлеуетін арттыру және профилактикалық жұмыста инновациялық тәсілдерді енгізу.
Онлайн курста Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, "Қазақстан Республикасындағы лаңкестік және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығы" қоғамдық қорының директоры Кәкімжан Бишманов, теолог-исламтанушы "Нұр-Мүбарак" университеті жанындағы экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институтының директоры Асқар Сабдин және ҚР-ның мәдениет қайраткері, Т.Қ.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА профессоры Мұрат Абзелбаев, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің аға оқытушысы, PhD докторы, дінтанушы Құдайберді Бағашар дәрістер оқыды.
Курс соңында дәріскерлер қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, қатысушылар арасында Pre-Post сауалнамасы жүргізілді.
Сондай-ақ, оқыту семинарының қорытындысында курс қатысушыларына арнайы сертификаттар табысталды.