Алматы, BAQ.KZ тілшісі. И.С. Жекенов атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігерінің емдеу жұмысы жөніндегі орынбасары, инфекционист дәрігер Тамара Ұтағанова брифинг барысында коронавирусты анықтайтын экспресс тест нақты нәтиже көрсете ме деген сауалға жауап берді.
Оның айтуынша, экспресс тест коронавирустың белгілерін анықтауға арналған, алайда сараптамада қателік кететін болса ол нақты нәтиже көрсетпейді.
Экспресс тест – шұғыл түрде қолданылатын сынама. Оны кез келген дәріханадан сатып алуға болады. Егер коронавирусқа күмән болса мобилді топты шақыртып, ПТР тест тапсырған дұрыс. Экспресс тест алғашқы белгілерін анықтауға арналған. Бірақ ол үнемі нақты бола бермейді. Сондықтан бірден дәрігерлерге жүгінген дұрыс, - деді Ұтағанова.
Сонымен қатар ол өзге қалаға іссапармен барып, коронавируспен ауырып қалғанда не істеу қажеттігін айтты.
Тек коронавируспен ғана емес, кез келген сырқат кезінде еліміздің қай қаласында жүрсеңіз де жақын маңдағы медициналық ұйымға жүгіне аласыз. Жергілікті тіркеуге қарамастан медициналық көмекті барлық азамат ала алады, – деді дәрігер.