Экспресс-маршруттар жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартады

20 Наурыз 2019, 17:49
2396
Бөлісу:
Экспресс-маршруттар жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартады

Астана, BAQ.KZ. Астана қаласының көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасында осы жылы қанша жаңа автобус маршруттарын енгізу жоспарланатыны белгілі болды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Осы жылы қалада магистральдық экспрестердің жаңа желісін енгізіп, Қызылсуат ауылына дейін жүретін №314 қала маңы маршрутын іске қосу жоспарлануда. Аталған жұмыс жаңа автобустарды сатып алу арқылы, сонымен қатар Астананың маршрут желісін кешенді модернизациялау аясында жүзеге асады.

«Магистральдық экспресс-маршруттарды іске қосу шеңберінде бірінші кезекте қала шетіне қатынайтын маршруттардың қызмет көрсету сапасын жақсарту жоспарланған. Екіншіден, аталмыш маршруттар Тұран, Қабанбай батыр, Республика даңғылдары арқылы жүретін жүктемесі көп бағдарлардың жүктемесін азайтуды көздейді. Үшіншіден, Мыңжылдықтар аллеясы, «ЭКСПО» ауданы сияқты қарқынды дамып жатқан аудандарды қамтиды», – деді Астана қаласының көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Асхат Қарағойшин.

Қазіргі таңда Астана қаласының қоғамдық көлік желілерінің маршруты 88 маршруттан тұрады. Оның ішінде 61-і қалалық, 7 экспресс, 20 қала маңы маршруттары бар. Жыл басынан қала шетіне қатынайтын сегіз бағдардың автобустар саны арттырылды.

Автобустар санының артуына байланысты, олардың жүру жиілігі арттырылған. Енді жолаушылар автобустарды көп күтпейді. Осы бағытта жұмыстар жалғасып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы