Өңдеу өнеркәсібінде қолдау көрсетілген экспорт көлемі өткен жылғы көрсеткіштен екі еседен астам асып, жаңа рекордқа жеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігіне сілтеме жасап.
Агенттіктің дерегінше, ЭКА 2025 жылдың алғашқы жарты жылдығында жалпы көлемі 333,3 млрд теңгеге қолдау көрсеткен. Оның ішінде 43 млрд теңгесі экспорт алдындағы қаржыландыру мен саудаға қажетті қаржы құралдары арқылы ұсынылды. Салыстырмалы түрде алсақ, 2024 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 157,9 млрд теңге болған.
Жалпы 81 экспорттаушы компанияға қолдау көрсетілген. Оның ішінде 12-сі – жаңа клиенттер болған. Қолдау көрсетілген жобалардың 70 пайызы шағын және орта бизнеске (ШОБ) тиесілі. Жыл соңына дейін қолдау көлемі 600 млрд теңгеге жетеді деп жоспарлануда.
Экспортқа бағытталған негізгі тауарлар – азық-түлік өнімдері, металл және химия өнеркәсібі тауарлары, мұнай өңдеу өнімдері, агроөнеркәсіптік кешен мен құрылыс материалдары. Негізгі сауда әріптестері – Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қытай, Ресей, Беларусь, Армения, Әзербайжан, Моңғолия және Біріккен Араб Әмірліктері.
Өңірлік бөліністе Қарағанды облысы алда келеді – бұл аймаққа жалпы қолдаудың 52,7 пайызы немесе 176 млрд теңге тиесілі. Одан кейінгі орында Абай облысы (50 млрд теңге) және Шығыс Қазақстан облысы (30 млрд теңге) тұр.
Ата кетерлігі, 2025 жылы экспорттаушылар тарапынан қысқа мерзімді дебиторлық берешекті сақтандыру, қарыздарды сақтандыру, экспорттық аккредитивтерді сақтандыру құралдарына сұраныс артқан.