Эксклюзив: Қырғыз Президенті Садыр Жапаровпен сұхбат

1 Наурыз 2021, 14:00
9687
Бөлісу:
Эксклюзив: Қырғыз Президенті Садыр Жапаровпен сұхбат
EX VIDEO

Бішкек. BAQ.KZ. 2-3 наурызда Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың тұңғыш рет Қазақстанға мемлекеттік сапары жоспарланып отыр. Осы сапар қарсаңында Қырғыз басшысы «ҚазАқпарат» ХАА» АҚ порталдары үшін эксклюзив сұхбат берген болатын. Сұхбаттың видео және мәтіндік нұсқасын агенттік оқырмандарының назарына ұсынамыз.

- Құрметті Президент мырза! Ең алдымен сұхбат беруге келісім бергеніңіз үшін зор алғысымызды білдіреміз. Биылғы қаңтар айында Қырғызстанда президенттік сайлау өтті. Сіз жеңіске жеттіңіз! Жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймыз!

- Рақмет!

- Осы сайлау Сіз үшін қалай болды? Сайлау науқаны несімен есіңізде қалды? Осыдан жарты жыл бұрын «Қырғыз елін басқарамын» деген ой болды ма Сізде?

- Жақсы сұрақ екен. Жарты жыл емес, шынымды айтайын, бала кезімде осындай бір арманның жетегінде едім. Атам мен әжем үнемі КОКП съезін теледидардан қарап отыратын. Әжем ол кезде Жоғарғы Кеңеске депутат еді. КПСС съезі болған сайын «Мәскеуге съезге барамын» деп кететін. Содан атам мен әжем теледидар көрсе, 4-5 сынып оқитын кезім болса керек, мен де қызығып қарайтынмын. Ол уақытта – Брежнев. Брежнев сөйлеп жатса «мен де Брежневтей боламын» дейтінмін, осындай бір ішкі арманым болды. Тағдыр екен, 2005 жылы, осыдан 16 жыл бұрын бұрын Парламентке депутат болып сайландым. Сол күннен бастап жемқорлықпен күресіп келемін. Өздеріңіз де білесіз, бізде жемқорлық 30 жылдан бері бүгінгі күнге дейін күш алып кеткен. Сондықтан еліміз осы жолы да төңкеріс жасады. Бұл сол шенеуніктердің жемқорлыққа малынып кеткенінің салдары еді. Одан кейінгі мәселе бізде кедейлер мен байлардың арасы тым алшақтап кетті. Соның кесірінен, себебінен революция болды, бізде. 2012 жылы бірінші рет қамауға алындым. 9 ай қамауда жаттым. Бірақ сотта ақталып, таза адам болып шықтым. Соған қарамастан қуғын-сүргін жалғаса берді. Соның кесірінен шет елге шығып кеттім. Қазақстанда, Ресейде, Еуропада жүрдім. 2017 жылы президенттік сайлауға қатысамын деп еліме қайта келген едім. Келген бойда Қазақстан мен Қырғызстанның шекарадан ұстап алып, қайта қамап қойды. Сонымен 3,5 жыл өмірім түрмеде өтті. Өткен жылдың қазанында өздеріңіз білетіндей толқулар болып, халықтың жәрдемімен түрмеден босап шықтым. Шынымды айтайын, мен билікке келгеніме мен ешқандай да қуанған жоқпын.

Сіз «6 ай бұрын Президент боламын деп ойладыңыз ба?» деп сұрадыңыз ғой. Ойлап жүргенмін. Уақыты келгенде Президент боламын деген мақсатым болды. Бірақ, қашан екенін білмейтінмін. Былтырғы қазан айындағы толқулардың нәтижесінде сол биліктің тізгіні қолыма тиді. Бірақ, мен Президент болғаныма сүйінген емеспін. Ең алдымен елімде қан төкпей, бейбіт жолмен, мародерлікке жол бермей, кедейлер мен байларды қақтығыстырмай, қантөгіссіз тыныштық сақтап қалғаныма сүйінемін. Президент болғаныма емес, тыныштықты сақтап қалғаныма сүйінемін.

- Президент болып сайландыңыз. Жақында Ресей Федерациясына сапармен барып келдіңіз. Енді мемлекеттік сапармен Қазақстанға бара жатырсыз. Неге таңдауыңыз осы екі мемлекетке түсті және Қазақстанға қандай ұсыныспен бара жатырсыз?

- Президент болып сайланғаннан кейін Қасым-Жомарт Кемелұлы алғашқылардың бірі болып мені шақырды. Сонда сөз бердім. Орталық Азия мемлекеттері арасында ең алдымен Қазақстанға бара жатқанымның себебінің бірі де сол. Екінші, біз қазақ-қырғыз - бір туған, көршілес елміз. Бізді екі мемлекеттің көптеген мүдделері біріктіріп тұр. Сондықтан бір туған, бауырлас елге сапармен бара жатырмын. Бірінші сапарымның Ресейге болған себебі - бізде тез арада қол қою үшін дайын тұрған хаттамалар, келісімдер бар еді. Енді Құдай бұйыртса, 2-3 наурыз күндері Қазақстанға, сіздерге мемлекеттік сапармен қонаққа барайын деп отырмын. Одан кейін Өзбекстан мемлекетіне сапарым жоспарланған. Кейін Қытай мемлекетіне, Түркия мемлекетіне де жоспар бар. Біз барлық мемлекетпен байланысымызды өте жоғары деңгейге жеткізу үшін үлкен күш-әрекетімізді жұмсауымыз керек. Саясатымыз сол.

- Рас, біз - бауырлас мемлекетпіз. Соңғы 25 жылда арамызда біраз құжатқа, келісімшартқа да қол қойылды. Біраз мәселе шешілді. Енді Қазақстанмен қарым-қатынаста сол сабақтастықты ұстанасыз ба?

- Біз қазақ-қырғыз бір туғанбыз. Егер қазақ пен қырғызды қатар қойып тұрып, қайсысы қазақ, қайсысы қырғыз деп сұрасаңыз, ешкім айыра алмайды, таңдай алмайды. Сіз бен мені қазір қатар қойып, танымайтын адамнан «қайсысы қазақ, қайсысы қырғыз» деп сұрасаңыз ажырата алмайды. Сондықтан бізде Қазақ мемлекетімен келіссөздерде, қандай да бір келісімдерге қол қоюда, не болмаса өз арамызда мәселелер туындап қалған жағдай болса да ешқандай дау-дамай болмауы керек. Өйткені, біз бауырлас халықпыз. Бір-екі күндік өмірмен жоспар құрмағанымыз дұрыс емес. Қазақстанға барғанда бірқатар келісімдерге, екі мемлекеттің арасында болып жатқан мәмілелерге қол қоямыз. Бірақ, бізде шешілмейтін бірде-бір мәселе болмауы керек.

умаров.jpg


- Сіз Қазақстан мен Қырғызстан арасында шешілген сұрақтар көп екенін айттыңыз. Ал шешілмеген сұрақтар бар ма?

- Шешілмеген сұрақтар жоқ. Майда-шүйде мәселелер болса өзара келіссөздер арқылы шешіп аламыз.

- Қазақстан мен Қырғызстан біраз халықаралық ұйымның мүшесі. Олардың ішінде екі ірі ұйым бар: Еуразиялық экономикалық одақ пен Шанхай ынтымақтастық ұйымы. Менің сұрағым: осы екі ұйым ішінде Қазақстан мен Қырғызстанның көзқарастары қандай мәселеде ортақ?

- Жалпы ЕАЭО, ШЫҰ, ҰҚШҰ, ТМД ұйымдары арасында көптеген мәселелер баршылық. Бірақ, барлық мәселелерде қазақ пен қырғыздың мүддесі ортақ. Мәселелердің 90 пайызында екі елдің мүддесі ұқсас. Әрдайым Қырғыз пен Қазақ ортақ мүддемізді қорғаймыз, ұстанымыз да бір болады. Екі ел ЕАЭО, ШЫҰ-да бір-бірімізбен кеңесіп әрекет етіп келеміз. Бұл ісіміз алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермекші.

- Тәуелсіздік алғаннан бері Орталық Азия интеграциясы туралы сарапшылар мен саясаттанушылар көп әңгіме айтады. Сіздің Орталық Азия интеграциясына көзқарасыңыз қандай?

- Орталық Азия интеграциясы 2000 жылдан бері сөз болып келе жатыр. Маған жеткен мәлімет бойынша Өзбекстан мен Түрікменстан жақын арада Орталық Азияның интеграциясына қатысты конференция өткізетін секілді. Біз конференцияны Бішкекте өткізуді ұсынбақшымыз. Жалпы Орталық Азия мемлекеттері бір-бірімен үнемі интеграциялық байланыста болуы, байланысып тұруы керек. Өңірде біздің мемлекеттер бір болмасақ, шашыранды ел болсақ оның салдары теріс жайттарға алып келуі мүмкін. Сондықтан Орталық Азия мемлекеттері барлық уақытта бір-бірімізбен жақын байланыс ұстанып, бірге болуымыз керек деп ойлаймын.

- 2005 жылдан бастап Қазақстаннан Қырғыстанға тау-кен, коммуникация сынды салаларға шамамен 1 млрд долларға жуық инвестиция құйды. Біздің кәсіпкерлер Қырғызстанда жұмыс істейді. Екі елдің арасында экономикалық қарым-қатынас бар. Қазақстан инвестициясы бойынша Сіздің саясатыңыз қандай?

-Билікке келгеннен кейін, біз барлық инвесторларды қорғауға ала бастадық. Енді сол қорғауды толыққанды жүзеге асырамыз. Біздің ел Президенттік басқару формасын таңдады, білесіздер. Соған орай жаңа Конституция қабылданады. Одан кейін жаңа заңдар жазылады, жаңа Парламент сайланады. Бүгінде Үкіметтің жанында Инвесторлар тарту және олардың мүдделерін қорғау жөніндегі агенттік бар. Қазір бұл агенттік Үкіметке қарайды. Ал жаңа Ата заң қабылданғаннан кейін бұл агенттіктің деңгейін көтеріп, оны Президентке тікелей бағынатын ұлттық агенттікке айналдырамыз. Барлық инвесторлар сол агенттікпен тікелей жұмыс істейді. Егер қандай да бір органдардан инвесторларға қысым жасалған болса, онда агенттік инвесторлардың мүддесін қорғайды. Бұл менің жеке құзыретімде болады. Инвесторлар мемлекетпен 20-30 жылға келісім жасайды. Ертең не арғы күні билік алмасып кетсе де инвесторлар жұмысына кепілдік болуы керек. Өйткені, мемлекет өзінің ұстанымынан таймауы тиіс. Инвесторлармен ұзақмерзімді келісімшарт жасасқаннан кейін, олардың сол мерзімі аяқталғанға дейінгі мүддесін мемлекет қорғауы керек. Бүгінде Таласта, Ала-Бұқа шатқалында, жалпы Қырғызстан аумағында қазақ инвесторлары жұмыс істеп жатыр. Жасырын емес, бұған дейін инвесторларды қинау, мүліктерін алып қою, қандай да бір іс қозғау сынды жайттар болған. Енді осындай келеңсіздіктер болмауы үшін осындай ұлттық агенттік құруды ниет етіп отырмын. Алдағы уақытта қазақ инвесторларын ғана емес, барлық дүниежүзінен келген инвесторларды Президенттің өзі ұлттық агенттік арқылы қорғауға алады.

-Трансшекаралық өзендер тақырыбына көшсек, бұған қатысты Сіздің көзқарасыңыз қандай? Ондай проблеманы шешудің қандай жолы бар?

- Қазір дүние жүзінде су тапшылығы орын алып отыр. Бізде де проблема жоқ емес. Айта кетерлігі, біздегі Тоқтағұл су қоймасындағы жағдай осылай кете берсе, онда ендігі жылы катастрофаға алып келетіндей ахуалға айналатыны да шындық. Сондықтан да, біз қазір Қазақстан мен Өзбекстаннан электр энергиясын импорттауды қарастырамыз. Қазақстан Республикасы 900млн-1 млрдқа жуық Квт электр энергиясын бізге импорттауға дайын екенін айтты. Өзбекстанмен де келіссөздер жүріп жатыр. Бұның себебі айтайын, егер біз қазір сіздерден электр энергиясын алмасақ, онда бізге жиналған суды жіберіп, сол арқылы өз елімізді электрмен қамтамасыз етуге тура келеді. Сол су жіберудің кесірінен вегетациялық кезеңде өзбекке де, қазаққа да, ешкімге де су жетпей қалады. Өйткені, Тоқтағұл су қоймасында су азайып кетеді. Яғни, біз өзіміз электр өндіруге кіріссек, оның соңы осылайша болуы мүмкін. Сондықтан да, Қазақстан мен Өзбекстаннан энергияны импорттауға тиіспіз. Бұл бәрімізге де оңтайлы. Соның нәтижесінде көршілес мемлекеттер арасындағы міндеттемелерімізді вегетациялық кезеңде атқарамыз деп үміттенеміз.

- Ал трансшекаралық логистика бойынша Қырғызстанның бөлек саясаты бар ма?

- Қырғызстан батыс пен шығысты біріктіріп тұрған Ұлы жібек жолының дәл ортасында тұр. Сондықтан қандай да бір трансқатынастық байланыстар болса онда біз әрдайым барлық өлкені біріктіріп тұрған аймаққа айналымыз деген үмітім бар. Бұл бағыттағы біздің ұлттық жоспарымыз – Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жолы. Біздің түстік аймақпен өтеді. Бұл өзі Орталық Азияны өзара, ал Азия аймағын Еуропамен байланыстыратын темір жол болады. Сол темір жолды салсақ Ұлы жібек жолын одан ары өркендетуді жолға қоя аламыз деп сенеміз. Бұл мемлекетіміздің сыртқы басымдығы.

- 2 наурызда сапарыңыз барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен не жайында сөйлесесіз? Шет жағасын ашып бере аласыз ба?

- Бұл бірінші Қазақстанға Президент ретінде жасайтын алғашқы сапар болғандықтан бауырластық байланысты қуаттау үшін, ресми шақыртумен мемлекеттік сапарға бара жатырмын. Қазақ пен қырғыздың арасында шешілмейтін мәселе болмайтындығын тағы да қайталап айтқым келеді. Барлығы келіссөздер жолымен шешіледі. Әлбетте, келісімдерге қол қоямыз. Қазақ мемлекетінің де, Қырғыз мемлекетінің де мүддесіне сай келетін келісімдерді рәсімдейміз. Ондай мәселе көп. Оның бәрін айтып отырмайын.

- Қырғыз бұқаралық ақпарат құралдары, сайттарын, Фейсбукті қарап, оқып отырамыз. Сізді қазір қатал басшы деп есептейді. Мұндай имидждің қалыптасуы немен байланысты болды?

- Бәлкім сырттай қарағанда қатал көрінетін шығармын, бірақ өзім жұмсақ адаммын. Бізде қазір заң барлық жерде жұмыс істейді. Мен барлығына – министрлерге, Премьер-Министрге, күштік құрылымдарға, барлығына тек заң аясында әрекет етіңдер деп айтамын. Жемқор болса, қылмыс жасаса іс басындағы болсын, бұрынғы басшы болсын жазасын алсын деймін. Егер жала жауып қамап қойған болсаң, онда өзің жазаға тартыласың деп айтамын. Сондықтан қазір бізде заң, жүйе жұмыс істей бастады. Қатал басшы деген ойыңыздың түп төркінін түсініп тұрмын. Премьер-Министрлер, министрлер, басшылар және басқа да үлкен шенеуніктер қамалып жатыр. Соны меңзеп сауал қойып отырғаныңызды түсінемін. Бізде 30 жылдан бері жемқорлықтың тамыры тереңге кеткен. Қырғызстан бойынша 300 адам мен олардың отбасы әбден байып, ал қалғаны әдбен кедейленген. Соның салдарынан бізде үшінші рет революция болды. Бұл бірінші себебі. Екінші себебі – таза емес, әділетсіз сайлаулардан шығып отыр. Сондықтан біз бұған дейінгі президенттердің қателігін қайталамай таза сайлау өткізейік деп әділ сайлау жасадық. Жақында жергілікті сайлаулар да болады, референдум өтеді. Оны да таза өткіземіз. Одан кейін күзде Парламенттік сайлау болады. Біздің заңдар да толыққанды жұмыс істеуі тиіс. Заң президенттен бастап қолына кетпен ұстаған диқанға дейін - барлығына бірдей болуы қажет. Қазір біз сол заңдылықты, әділеттілікті орнатып жатырмыз. Әрине, мұның барлығын бір жылдың ішінде жіпке тізгендей қылып, кемшіліксіз алып кете алмаймыз. Өйткені, бұны түзеу үшін 2-3 жылдай уақыт керек. Әлбетте кемшіліктер бар. Ондай болмай қоймайды да. «Ештеңе істемеген адам ғана қателеспейді» дейді ғой. Онша-мұнша кемшілік болары сөзсіз. Бірақ, біз оны бірден түзетуге барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз.

- Сыртқы саясат жайында сөз қозғасақ. Енді Қырғызстанның сыртқы саясаты қандай болмақ?

- Біз бірінші кезекте көршілес мемлекеттермен бауырластық байланыстарын жалғастырамыз. Бұл ретте қырғыз бен қазақта: «алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық» деген жақсы сөз бар. Сол жақын көршілермен бірінші кезекте жақсы байланысымызды дамытуға тиіспіз. Ал қалған мемлекеттермен, мәселен Ресеймен одақтас, стратегиялық серіктеспіз. Олармен де жақын байланыста боламыз. Еуропа, Америка, жалпы барлық мемлекетпен біз теңдей дәрежені ұстана отырып, екі тараптың мүдделерін ескере отырып, қарым-қатынас жасайтын боламыз.

-Әрине, бос уақытыңыз жоқ екендігін жақсы түсінемін. Президенттік қызметке енді кірістіңіз. Дегенмен, Қырғыз Президенті бос уақытын қалай өткізеді екен?

- Дұрыс біліп отырсыз, қазір бос уақытым жоқ. Баспасөз хатшым мен кеңесшіме: «мені аямайсыңдар, бәрі тығыз, бос уақыт бермейсіңдер» деп ренішімді білдіріп жатамын. Бірақ, әзірше қолым қалт еткенде бассейнге барып жүрмін. Күн жылынғанда футбол мен үлкен теннис ойнаймын. Қазір бос уақытым аз.

- Қазақстан халқына қандай тілек айтар едіңіз?

- Қазақ халқына ынтымақ, жақсылық, тыныштық тілеймін! Әлбетте, мойындауымыз керек - қазақ халқы бүгінде бізге қарағанда бірнеше жыл алға кеткен мемлекет. Мұнан да алға ілгерілей бергенін тілеймін. Өйткені, сіздерде бәрі жақсы болса, Қырғызстанда да сондай болатындығы сөзсіз. Біз бауырлас халықпыз. Еш уақытта бір-бірімізді тастаған емеспіз. Оған тарих дәлел. Қазақтың басына күн түскенде қырғыз көмек көрсеткен, қырғыздың басына қиындық туғанда қазақтар жәрдем берген. Тарихтан мысалға алсақ, 30-шы жылдары ашаршылық болғанда, қазақ бауырластардың көпшілігі бізге ауып келді. Сонда бір кесе талқанымыз болса, соның жартысын қазаққа беріп, аштықтан сақтап қалғанбыз. Менің туған ауданымда оншақты қазақ ауылы бар. Барлығында қазақтар тұрады. Бірақ, 100 жылдан асып кетті ғой, содан бері бізбен бірге өмір сүріп, бір туғандай араласып келеміз. Осындай сәттерде, қиын мезгілде бір-біріне жәрдем берген, әрқашан бір-бірін қолдаған халықпыз. Сондықтан қазақ бауырларға тілерім – жақсылық, өсіп-өне берсін, ел-жұртында тыныштық болсын!

Бауырлас елдеріміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Урматтуу Президент, Сізге чоң рахмат!




Өзгелердің жаңалығы