Бүгін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Арыстанбек Мұхамедиұлы, Наиля Искакова және МұстақымТөлеевке қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тергеу барысында Мұхамедиұлы аса ірі мөлшерде пара беруге оқталды деп (ҚК 24-бабының 3-бөлігі – 367-бабының 4-бөлігі), Искакова парақорлыққа делдалдық жасады деп (ҚК 368-бабының 1-бөлігі) және Төлеев аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деп (ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы) айыпталды.
Оларға қандай айып тағылды?
Мұхамедиұлы 2022 жылдың желтоқсанында Астана қаласының тергеу изоляторында болған кезінде қамаудан босатылып, «Дипломат» қонақ үйін меншігінде ұстап қалғысы келіп, адвокат Төлеев арқылы лауазымды тұлғаларға аса ірі мөлшерде пара беруге қылмыстық ниет білдірді, бұл ретте өзінің жұбайы Искакованы парақорлыққа делдал ретінде тартуға шешім қабылдады.
Әрі қарай, жұбайы Мұхамедиұлымен келісіп, Төлеевпен келіссөздер жүргізіп, заңсыз ақшалай сыйақыны лауазымды адамдарға беру туралы келісімді жүзеге асыру мақсатында Төлеевке Мұхамедиұлының пара беруге дайындығы туралы хабарлады.
2022 жылдың желтоқсанында Искакова кафеде «Дипломат» қонақ үйінің мәселесін шешу үшін Төлеевке 140 мың долларды жеке өзі табыстады.
2023 жылдың қаңтарында жұбайы Төлеевтің көлігінде делдал рөлін атқара отырып, Мұхамедиұлына қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту үшін 120 мың долларды өзі тапсырды.
2023 жылдың сәуірінде Искакова жүргізушісі арқылы Төлеевке жазасын жеңілдету үшін тағы да 100 мың доллар берді.
2023 жылдың маусымында ол тағы да делдал рөлін атқарып, өзінің ұлы арқылы Төлеевке 27 млн теңге және 40 мың доллар сомасында ақша берді.
Төлеев алдау және сенімге қиянат жасау арқылы ақшаны иемденіп, оларды өз қалауы бойынша басқарды.
Сотта прокурор айыптауды қолдап,
- Мұхамедиұлына ҚК-нің 58-бабын қолдана отырып, 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды;
- Төлеевті 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыруды;
- Искакованы 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сотталушылар тағылған айыпты мойындамай, оларды ақтауды сұрады.
Сотталушылардың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.
Сот шешімі
ҚК 367-бабы 4-бөлігінің санкциясы айыппұл немесе 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жазаны көздейді.
ҚК 368-бабының 1-бөлігі айыппұл немесе 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жазаны көздейді.
ҚК 190-бабының 4-бөлігі 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жазаны көздейді.
Сот Төлеевтің жас балаларының болуын, Искакованың асырауында қарт анасының болуын қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды.
Мұхамедиұлында қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар анықталған жоқ.
Сотталушылардың жауапкершілігі мен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталмады.
Сот үкімімен Мұхамедиұлы аса ірі мөлшерде пара беруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылып, ҚК-нің 58-бабының 3 және 6-бөліктері негізінде, 20.06.2023 жылғы Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен тағайындалған қатаң жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру жолымен қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға тыйым салына отырып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды.
Искакова парақорлыққа делдалдық жасағаны үшін кінәлі деп танылып (ҚК 368-бабының 1-бөлігі), өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға тыйым салынып, 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Төлеев аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып (ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы), 10 жыл мерзімге адвокаттық қызметпен айналысу құқығынан айырыла отырып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, 2022 жылы 29 мамырда Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауға алынды. Биыл 20 маусымда ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ұлттық музейдің экс-басшысына 221 млн теңге қаражатты жымқырды деген айып тағылып отыр.
26 шілдеде Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты сотқа апелляциялық шағым түсірді.