Бұрынғы дін қызметкері Иаков Воронцов 10 тәулік әкімшілік қамаудан кейін қайта ұсталды. Оған есірткі притонын ұстау және есірткі заттарын сақтау баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Енді ол есірткі притонын ұйымдастырды және есірткі заттарын өткізу мақсатынсыз сақтады деген күдікпен қылмыстық іс аясында тергеліп жатыр.
13 ақпанда Әкімшілік соттың шешімімен әкей Иаков «есірткі заттарын медициналық емес мақсатта тұтынғаны» үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қамауға алынған болатын. Бүгін ол бостандыққа шығуы тиіс еді. Алайда оның адвокаты Ғалым Нұрпейісов Воронцовқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Бүгін ұстау туралы хаттама толтырылды. Материалдар процестік шешім қабылдау үшін қала прокуратурасына жолданады: не үйқамақ, не қамауға алу мәселесі қаралады. Иаковқа Қылмыстық кодекстің 302-бабы (есірткі притонын ұстау) және 296-бабы (өткізу мақсатынсыз есірткі сақтау) бойынша айып тағылып отыр. Оның процессуалдық мәртебесі – күдікті. Бүгін кешке қандай да бір шешім қабылдануы мүмкін, ертең тергеу соты өтеді, – деді адвокат.
Бұрынғы дін қызметкері өз кінәсін мойындамай отыр. Қамауда отырған кезде ол адвокаты арқылы жазба жолдап, өз үйінде ешқандай притон болмағанын мәлімдеген.
Менің үйімде ешқашан притон болған емес. Маған рухани жұбаныш пен жылы сөз іздеп әртүрлі адамдар келетін. Олар әңгімелесіп, бірге дұға оқу үшін жиналатын – пікірлес әрі сенімдес жандар еді. Үйімнен табылды делінген ұнтақ маған тиесілі емес. Меніңше, оны мені жазалау және беделімді түсіру мақсатында әдейі тастаған, – делінген жазбада.
Иаков Воронцов соғысқа қарсы ұстанымымен танымал. Ақпан айының басында, қамауға алынардан бірнеше күн бұрын ол діни бірлестікті тіркеуден бас тартқаны үшін Алматы қалалық Әділет департаментін сотқа берген. Бұрынғы дін қызметкері Мәскеу епархиясына тәуелсіз шіркеу ашуды көздеген. Сондай-ақ ол қазақ тілін белсенді түрде меңгеріп, уағыздарын қазақ тілінде жүргізуімен де белгілі.
Еске салсақ, қазақ тілінде уағыз жүргізген шіркеу қызметкері Иаков Воронцов есірткімен ұсталғаны хабарланған болатын.