Людмила Бюрабекова: Екпе салдыру жыл сайын 3 млн-нан астам адамның өмірін сақтайды

16 Маусым 2020, 16:40
1346
Бөлісу:
Людмила Бюрабекова: Екпе салдыру жыл сайын 3 млн-нан астам адамның өмірін сақтайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова "Міндетті екпе: қолдаушылар мен қарсы болушылар" атты онлайн кездесу барысында айтты.

Соңғы кездері вакцинация мәселесі әлеуметтік желілерде белсенді талқылаудан өтіп жатыр. Министрлік алаңында осы бағытта бірнеше мәрте онлайн талқылау өткізіп, екпе жасау маңыздылығын түсіндірдік. Бұл шараларға сарапшылар, Парламент депутаттары, дәрігерлер мен танымал журналистер қатысты. Бүгінгі талқылау барысында вакцинаға қарсы ата-аналарды толғандырған барлық сұрақтарға жауап береміз және біздің істеп жатқан жұмысымыз балаларымыздың денсаулығы үшін аса маңызды екенін түсіндіре аламыз деп ойлаймын, - деді ол. 

Людмила Бюрабекова кездесу барысында вакцинация инфекциялық аурулардан қорғанудың тиімді әдісі болып отырғанын жеткізді.

Вакцинация - инфекциялық аурулардан қорғанудың тиімді әдісі болып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы берген мәлімет бойынша, екпе салдыру жыл сайын 3 миллионнан астам адамның өмірін сақтайды, - деді Людмила Бюрабекова.

Вице-министр бұл бағыттағы жұмыстарды әрі қарай да жалғастыру керегін айтты. 

Халыққа түсінікті болуы үшін зертханалардың қалай жұмыс істейтінін, вакциналардың сапасы қалай тексерілетінін көрсету керек. Бұл жұмыстар бұған дейін де жасалып келгенімен, біз әлі де ақпаратты толық жеткізе алмай жатқан сияқтымыз. Дегенмен, азаматтарымыздың, балалардың денсаулығын балалық шағынан сақтау үшін бар күш-жүгерімізді жұмсауымыз керек. Жаңа кодекстегі нормалар ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін балаларды тиісті екпе көлемімен қамтуға бағытталған, - деді Бюрабекова.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бұл шара барысында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының бас директоры Арнұр Нұртаев вакцина сапасы Еуропада қалай тексерілсе, біздің елімізде де дәл солай тексерілетінін айтқан болатын.


Өзгелердің жаңалығы