2026 жылдан бастап Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығында елеулі өзгерістер кезеңі басталды. Салық кодексіне енгізілген жаңа нормалар тұрғын үй бағасына, құрылыс шарттарына және жылжымайтын мүлікті сату ережелеріне тікелей ықпал етеді. Негізгі өзгерістердің қатарында қосылған құн салығының 16%-ға дейін өсуі, жеке табыс салығынан босатылу үшін жылжымайтын мүлікке иелік ету мерзімінің ұлғаюы, сондай-ақ мердігерлерге қойылатын салық талаптарының кеңеюі бар. Қандай нақты өзгерістер енгізілгені және олардың нарыққа қалай әсер ететіні туралы толығырақ BAQ.KZ тілшісінің материалында.
Сарапшы Арман Байғановтың айтуынша, ең сезімтал өзгерістердің бірі – қосылған құн салығының өсуі.
Жылжымайтын мүлік нарығына Салық кодексіндегі өзгерістер, әсіресе ҚҚС мөлшерлемесінің 16%-ға дейін көтерілуі айтарлықтай әсер етеді. Бұған дейін де құрылыс компаниялары бұл салықты төлеп келген, алайда мөлшерлеме 12%-дан 16%-ға дейін өсті. Сонымен қатар өзгерістер қосалқы мердігерлер мен шағын компанияларға да қатысты. Бұрын олар жеңілдетілген режиммен жұмыс істеген немесе ҚҚС төлеушілер қатарына кірмеген болса, енді бұл талаптарға сәйкес келуі мүмкін. Соның салдарынан тіпті ұсақ әрлеу жұмыстарының өзі құрылыс құнының өсуіне алып келеді, - деді Арман Байғанов.
Осылайша ҚҚС-тың өсуі тек ірі девелоперлерге ғана емес, құрылысқа қатысатын барлық тараптарға әсер етеді. Нәтижесінде қосымша шығындар жобаның өзіндік құнына қосылып, ақыр соңында тұрғын үй сатып алушылар үшін бір шаршы метрдің бағасының қымбаттауына әкеледі.
Тағы бір маңызды өзгеріс жылжымайтын мүлікті сату және одан түсетін табысқа салық салу тәртібіне қатысты.
Бұрын жылжымайтын мүлікті сатқан кезде жеке табыс салығын төлемеу үшін нысанға бір жылдан астам уақыт иелік ету жеткілікті болатын. Енді бұл мерзім екі жылға дейін ұзартылды. Яғни жеке табыс салығын төлемеу үшін тұрғын үйге кемінде екі жыл иелік ету қажет. Бұл алыпсатарлық сипаттағы қайта сатуларды азайту мақсатында енгізілген, - деп түсіндірді сарапшы.
Байғановтың пікірінше, бұл өзгерістер нарықтағы басқа да факторлармен қатар келіп отыр және олардың әсері қазірдің өзінде байқала бастады.
Жалпы алғанда, нарық сәл баяулады. Осы өзгерістер аясында тұрғын үй бағасы өсіп жатыр, әрі ол алдағы уақытта да қымбаттайтыны анық. Қазір девелоперлер мен құрылыс компаниялары тәуекелдерді мұқият бағалап, сақтықпен әрекет етіп отыр. Нарықтың нақты жағдайы бірінші жартыжылдықтың соңына қарай айқын көрінеді деп ойлаймын, - деп түйіндеді Арман Байғанов.