Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Экономист: Болашақта базалық зейнетақы алатындар азаяды

Бүгiн, 18:18
541
Бөлісу:
 ©BAQ.KZ коллажы
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Зейнетке шығу – адам өміріндегі ең маңызды кезең. Дегенмен мемлекет әр адамның еңбегіне қарай зейнетін береді. Өмір бойы жұмыс істемеген немесе табысын үкіметтен жасырған адамдар да құр алақан қалмайды. Оларға базалық зейнетақы тағайындалады. BAQ.KZ тілшісі базалық зейнетақының қалай өзгергенін, қандай жағдайда базалық зейнетақы төленбейтінін анықтап көрді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, былтырғы есеппен зейнеткерлер саны – 2 млн 491 мың адам. Ал республикалық бюджеттен 4 трлн 225 млрд теңге сомасына зейнетақы төленді, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 1 368,4 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 2 856,6 млрд теңге қарастырылды. Яғни базалық компонент барлық зейнетақы төлемдерінің 32 пайыз орташа үлесін құрайды. 

Биыл зейнетақы тағы да 10 пайызға өсті. Бұл – жай ғана цифр емес, күн сайын қымбаттап жатқан өмір жағдайында халықтың табысын сақтап қалуға бағытталған нақты қадам. Өсім мөлшері Ұлттық банк айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес бекітілген. Баға шарықтаған сайын, азаматтардың кірісі де соған ілесіп артуы тиіс деген қағида басшылыққа алынды.

Базалық зейнетақы қалай өзгерді?

Алайда бұл шешім бір күнде қабылданған жоқ. Мұның артында ұзақ мерзімді, жүйелі жоспар жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде базалық зейнетақыны кезең-кезеңімен арттыру көзделген. Жоспар бойынша, ең төменгі базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ал ең жоғарысы 120 пайызына дейін жеткізілуі тиіс. Қазір мемлекет осы межеге жыл сайын бір қадам жақындап келеді.

Соның нақты нәтижесі ретінде 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңгеге жетті. Бұл – ең төменгі күнкөріс деңгейінің дәл 70 пайызы. Ал ең жоғары базалық зейнетақы бұрынғы 110 пайыздан 118 пайызға өсіп, 60 005 теңге болып белгіленді.

Бұл өзгерістер зейнеткерлерге көрсетілген бір реттік қолдау емес, әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға бағытталған саясаттың көрінісі. Мемлекет ең осал топтардың табысын инфляцияға «жұтып» жібермей, керісінше, экономикалық өзгерістермен қатар алып жүруді мақсат етіп отыр. Айта кету керек, зейнетақы мөлшері қазақстандықтардың 1998 жылға дейінгі еңбек өтіліне байланысты өседі.

Экономист Сапарбай Жобаевтың айтуынша, азаматтардың жұмыс істемеуіне қандай да бір себеп әсер еткені анық. Мәселен, ауыл тұрғындары мал бағып, егін шаруашылығымен айналысады. Азғантай табысымен салық төлемесе де, бала бағып жүргендері қаншама. Сондықтан жұмыс істемеген адамдардың зейнетақы алуын да мемлекет қарастырады. Өйткені Үкіметтің ең үлкен қызметі – әлеуметтік жәрдем беру.

Заңды жұмыс істемеген адамның ереже бойынша ынтымақтастық немесе жинақтаушы зейнетақысы болмайды. Тек қана базалық зейнетақы алады. Әрине, бұл басқа зейнетақылардан аз. Қазір мемлекеттік базалық зейнетақының ең төмен мөлшері – 35 596 теңге. Ал жоғарысы – 60 005 теңге,– дейді Сапарбай Жобаев.

Дамыған елдерде қалай?

Әлем елдерінде зейнетақы жүйесі әртүрлі болғанымен, бір ортақ қағида бар: мемлекет қартайған адамды мүлде табыссыз қалдырмауы тиіс. Бірақ бұл кепілдіктің қалай берілетіні – елдің экономикасы мен әлеуметтік саясатына тікелей байланысты. Мысалы, АҚШ-та Қазақстандағыдай «базалық зейнетақы» ұғымы жоқ. Оның орнына Social Security жүйесі жұмыс істейді.

Мұнда адам өмір бойы төлеген жарнасына қарай зейнетақы алады. Ресми жұмыс істемеген, салық төлемеген азаматқа мемлекет тұрақты зейнетақы тағайындамайды. Табысы аз немесе жалғыз қалған қарттарға тек әлеуметтік көмек көрсетіледі. Ал Германия, Франция, Скандинавия сияқты Еуропа елдерінде базалық зейнетақы ұғымы бар. Қарт құрлық зейнеткерлерге кедейлік деңгейінен төмен өмір сүруге жол бермейді.

Дәулетті мемлекеттерде адамдардың көбі еңбек етеді. Ал еңбек етпейтіндерге әлеуметтік төлем жоғары деңгейде қарастырылған. Еуропа елдері жұмыс істемеген зейнеткерлерге күнкөріске жеткілікті зейнақы береді. Шамамен 1000-1500 доллар шамасында. Себебі ол елдерде «балалары бағады» деген ұғым жоқ. Ал біздің елімізде зейнеткерлерді баласы қарауы керек деген ереже күн тәртібіндегі мәселе. Ал ұрпағы жоқ қарттарды мемлекет өз қамқорлығына алады, – дейді экономист.

Сапарбай Жобаевтың пікірінше, базалық зейнетақыны қарттардың өмір сүруіне жеткілікті деп айта алмаймыз. Қазақстанда ең төменгі күнкөріс 2026 жылы республикалық деңгейде 50 851 теңге ретінде бекітілген. Бұл көрсеткіш әлеуметтік төлемдер мен зейнетақыларды есептеуге негіз болады. Дегенмен бұл сома әр облыста әртүрлі. Еуропа мемлекеттері де базалық зейнетақыға ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызын тағайындайды. Бізде де солай. Ал елімізде ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңге. Бұл бір азаматтың күн көруіне жететін шығар. Бірақ көп жағдайда отбасында тек жалғыз адам ғана жұмыс істейді.

Базалық зейнетақы қандай жағдайда берілмейді?

Базалық зейнетақы зейнет жасына жеткен барлық азаматқа міндетті төлем болғанымен де, кейбір жағдайларда аталмыш зейнетақыға қолы жетпей жүрген қарттар да бар. Атап айтсақ, базалық зейнетақы алу үшін адам Қазақстанда ресми тіркелген болуы керек. Мысалы, ұзақ уақыт шетелде тұрып келген азаматқа төлем тағайындалмайды немесе уақытша тоқтатылады. Сондай-ақ, зейнетақыны алу үшін жеке куәлік, еңбек өтілі туралы құжаттар, зейнетақы жинақтарының есептері қажет. Егер азамат құжаттарын толық тапсырамаса, базалық зейнетақы тағайындалмайды немесе төлем кешіктіріледі. Ал азамат шетелден зейнетақы алатын болса, Қазақстаннан базалық зейнетақы ала алмайды,– дейді экономист.

Ендеше базалық зейнетақы әр азаматқа кепілдендірілген әлеуметтік төлем, бірақ ол тек зейнет жасына жеткен, тіркелген және құжаттары толық адамдарға беріледі.

Табысын жасырғандар зейнетақы жүйесіне қалай әсер етеді?

Қазіргі таңда Қазақстандағы еңбек нарығы айтарлықтай өзгерістерге ұшырап отыр. Статистика көрсеткендей, жастардың басым бөлігі ресми тіркелмей, фриланс форматында жұмыс істейді. Көбісі «көрінбейтін» табысқа сүйеніп, әлеуметтік төлемдерге қатысудан бастартқан. Бұл жағдай тек салық түсіміне емес, сонымен қатар болашақтағы зейнетақы жүйесіне тікелей қауіп төндіре ме?

1 қаңтардан бастап елімізде жаңа Салық кодексі жұмыс істей бастады. Оған сәйкес, өзін‑өзі жұмыспен қамтыған адамдарға арнайы салық режимі енгізілді. Бұл режим қазақстандық азаматтарға жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей, мемлекеттік тіркеусіз заңды түрде табыс табуға мүмкіндік береді. Осылайша, мемлекет айлық табысы 1 миллион 300 мың теңгеден аспайтын азаматтарға, тек 4 пайызбен әлеуметтік төлемдерді төлеуді міндеттеп отыр. Бұған зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар мен міндетті әлеуметтік сақтандыру (МӘМС) жатады. Әрине, 1998 жылдан бері жұмыс істемей жүргендердің жағдайы болашақта қиын болады, – дейді Сапарбай Жобаев.

Сарапшының айтуынша, дамыған елдер жұмыссыз жүрген жастарға алдын ала ескерту айтып, зейнетақы қорына ақша жинамаса, қартайғанда тиын санап қалатынын хабарлайды. Біздің елімізде көлеңкелі экономика бұрын 20 пайыз болса, қазір 18 пайыз. Әрбір бесінші адам көлеңкелі экономикада жұмыс істеп жүр. Табысы көп болса да, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың төлемдерін төлейді. Әсіресе, құрлыста, көлік тасымалында, дизайн, IT, контент жасау сияқты салаларда жұмыс істейтіндер ресми жұмыс берушімен келісім жасамай, табысын қолма-қол ақшамен алады.

Жаңа Салық кодексінің сол азаматтарды ресми түрде зейнетақы жарналарын төлеуге ынталандырары анық. Мемлекеттің бұл бастамасы салықты да, зейнетақыны да реттейді. Екеуі бір-бірімен байланысты. Әрине, ең бірінші бюджет түсімін көбейту мақсаты тұр. Себебі еңбек еткен адамдардың жеке табыс салығынан түсетін бюджет табысы өркениетті елдерде 30 пайыз. Ал Қазақстанда 7-8 пайыздан аспайды. Өйткені азаматтар табысын қолма-қол алып үйреніп қалған. Президентіміз де бұл жайлы жиі айтып жүр. Егер Салық кодексі құзырлы органдардың қатаң қадағалауымен жүзеге асса, болашақта базалық зейнетақы алатындар азаяды, – дейді экономист.

Айта кету керек, 1998 жылдан кейін жұмыс істеп жатқандарда ынтымақтастық зейнетақы болмайды. Олар зейнетақы қорына жинаған қаржысына қарай зейнетақы алады.

Ал мемлекет базалық зейнетақы берсе де, оның мөлшері бәрібір күнкөріс деңгейінен аз болады. Сондықтан азаматтарды зейнетақы қорына ақша жинауға ынталандыруымыз керек. Ол үшін зейнетақы қорының табысын арттыру, ашықтық мәселесі басты назарда болуы қажет. Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын шешіп алу процесін тоқтату керек. Сонда адамдардың әділдікке деген сенімі оянады. Себебі халықтың көп бөлігінің жинағы бұл шекке жетпейді. Сәкесінше, байлар байып, кедейлер құр алақан қалады. Бұл дұрыс емес, – дейді экономист Сапарбай Жобаев.

Дайындаған Көктем ҚАРҚЫН

Өзгелердің жаңалығы