Сенатор Нұртөре Жүсіп Парламент палаталарының бірлескен отырысында биыл 600-ден астам жас шетелге қоныс аударғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақта «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар» деген сөз бар. Осындай жағымсыз факторлардың әсерінен жастардың жайлы өмір іздеп шет елге қоныс аударып жатқандары жетерлік. Биылғы 1 сәуірдегі статистикаға қарасақ, 600-ден астам жас шетелге қоныс аударған. Сарапшылардың пікірінше, кәсіби дағдыларға ие 1 адамның эмиграциясының өзі ел экономикасына қауіп төндіреді. Сол себепті жастардың көші-қон мәселесіне баса назар аудару керек ойлаймын, - деді Нұртөре Жүсіп.
Сенатор атап өткендей, осындай қауіпті тенденциялардың қатарында жастар арасында суицидтік көңіл-күйдің өршуі, ойынқұмарлыққа, синтетикалық наркотикке тәуелділіктің артуы бар.
Нұртөре Жүсіп, Қазақстан суицид деректері бойынша әлемде үшінші орында және Орталық Азия елдері арасында көшбасшы орында екенін қоса жетті.
Бұған ықпал ететін факторлар - тұрақты жұмыстың, ақшаның, баспананың болмауы, мазасыздық, депрессия, қарым-қатынас пен отбасындағы проблемалар. Құқықтық статистикаға сәйкес биылғы қаңтар-мамыр айлары аралығында кәмелетке толмағандар арасында 72 суицид тіркелген, бұл өткен жылдан 18 жағдайға артық. Одан бөлек, шамамен 350 мың адам құмар ойын, лудоманиядан зардап шегуде және олардың көпшілігі жасөспірімдер. Бүгінде психоактивті заттарды қолдану салдарынан 90 608 адам алкогольге, 18 243 адам есірткіге тәуелді, оның 11 456-сы 18-35 жас аралығындағы азаматтар, - деп айтты ол бірлескен отырыста.