Экономика өсіп, инфляция төмендеуде – Әлихан Смайылов

28 Желтоқсан 2023, 20:17
672
Бөлісу:
Экономика өсіп, инфляция төмендеуде – Әлихан Смайылов
Фото: primeminister.kz

«24KZ» телеарнасына берген сұхбатында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов 2023 жылғы ЖІӨ және инфляция бойынша болжамды көрсеткіштер мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың негізгі тапсырмаларының орындалуы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Премьер-Министрдің айтуынша, отандық экономика күрделі сыртқы жағдайларға бейімделді.

«Жаһандық нарықта қалыптасқан қолайсыз факторларға қарамастан, биыл еліміздің экономикасы тұрақты өсіп келеді. Егер өткен жылды 3,2% өсіммен аяқтасақ, биылғы жылдың 11 айында экономиканың өсуі 4,9%-ды құрады. Ал жылдың қорытындысы бойынша осы өсім 5%-ға жақын болады деп күтілуде», — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы экономиканың барлық негізгі салаларында оң динамика қалыптасып отырғанын атап өтті. Мәселен, құрылыста өсім 13%, саудада – 11%, байланыс секторында – 8%.

«Экономикалық өсудің негізгі драйвері инвестициялар болып табылады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 15%-ға өсіп, 15 трлн теңгені құрады», — деп атап өтті Премьер-Министр.

Биылғы басты сын-қатерлердің бірі инфляция болды.

«Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Үкімет алдына инфляция деңгейін екі есеге төмендету міндетін қойды. Ол үшін Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, жедел және орта мерзімді іс-шараларды жүзеге асырды. Осы жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 9,8% маңайында болады деп күтілуде. Бұл – инфляция екі есе төмендейді деген сөз. Келесі жылы біз инфляция деңгейін одан әрі, яғни 6-8%-ға дейін төмендету үшін жұмысты жалғастырамыз. Өзімізге осындай мақсат қойып отырмыз», — деді Әлихан Смайылов.

 

Сонымен қатар Премьер-Министр экономикамыздың тұрақтылығын халықаралық рейтингтік агенттіктер де растап отырғанын айтып өтті.

«Олар Қазақстанның рейтингін инвестициялық сенімділік деңгейінде белгілеп отыр. Сондықтан біздің экономикамыз сыртқы факторларға бейімделді деп айта аламыз. Дегенмен сыртқы қолайсыз факторлар әлі де экономикаға кері әсерін тигізуде. Сондықтан Үкімет әртүрлі сценарийлерге дайын болу және қажетті шараларды қабылдау үшін әлемдегі жағдайды бақылап отырады», — деп атап өтті Премьер-Министр.

 

Өзгелердің жаңалығы