Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Экономика бюджетке емес, нарыққа сүйенуі тиіс – депутат Президент сұхбаты жайлы

Бөлісу:
 Мәжілістің баспасөз қызметі
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Никита Шаталов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Turkistan” газетіне берген дәстүрлі сұхбатына қатысты ойын айтты. Оның айтуынша, Президент жыл басын ауқымды сұхбатпен бастауды дәстүрге айналдырған, ал биылғы әңгімеде экономикалық мәселелерге ерекше назар аударылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың пікірінше, сұхбатта Президент қоғамның негізгі сұраныстарын, әсіресе инфляция мен халықтың нақты табысы мәселесін жақсы түсінетінін көрсетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар маңызды бағытты нақты атап өтті, - деді Шаталов.

Біріншіден, реформалар өз жалғасын табады, тіпті олар қоғамда әрдайым қолдау таба бермесе де. Бұл үшін Президенттің саяси ерік-жігері мен заңды мандаты жеткілікті.

Екіншіден, қазіргі даму кезеңіндегі басты міндет – Қазақстан экономикасының құрылымын қайта қарау. Ол үшін “ойын ережелерін”, яғни институционалдық негізді өзгерту қажет. Бұл ең алдымен Салық кодексін жаңарту арқылы жүзеге аспақ (сонымен қатар бюджеттік шығындарды реттейтін Бюджет кодексінің де маңызы зор).

Үшіншіден, экономикалық өсімге деген көзқарасты өзгерту қажет. Президенттің ұстанымы бойынша, экономика негізінен бюджет есебінен емес, нарықтық қаржыландыру арқылы өсуі тиіс. Себебі кей жағдайда бюджеттік ынталандыру инфляциялық қысымды күшейтіп, өнімділікке, инвестиция мен бәсекеге сүйенбеген өсімнің сапасын төмендетуі мүмкін.

Никита Шаталов Президент ел экономикасында жинақталған бірқатар теңгерімсіздіктерді де ашық айтқанын атап өтті. Олар тарифтерді, жанармай бағасын реттеу және мұндай шешімдерден кімдер пайда көргенімен байланысты. Президент қайта көтерген “орта табыс тұзағы” мәселесі де осы теңсіздіктерден туындайды. Жан басына шаққандағы ЖІӨ жоғары болып көрінгенімен, бұл әрдайым халықтың нақты табысы мен отбасылардың қаржылық тұрақтылығына әсер ете бермейді. Ал бұл өз кезегінде теңсіздік пен әділетсіздік сезімін күшейтуі мүмкін.

Осы жағдайда әлеуметтік қолдау шаралары тарифтер мен бағаның өсуін өтеуге бағытталуы керек, бірақ олар нақты әрі атаулы болуы тиіс. Бұл бюджет қаражатын шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағыттауға және шығындардың бақылаусыз өсуіне жол бермеуге мүмкіндік береді. Мұндай өзгерістер кезең-кезеңімен енгізілуі маңызды, сонда халық пен бизнес үшін өтпелі кезең түсінікті болады, - деді ол.

Депутат энергетика, жасанды интеллект және цифрландыру тақырыптары өзара тығыз байланысты екенін атап өтті. Цифрлық экономика, деректер орталықтары мен суперкомпьютерлер көп энергия мен сенімді инфрақұрылымды қажет етеді. Сондықтан энергетика мен коммуналдық жүйені жаңғырту технологиялық серпілістің негізі ретінде қарастырылып отыр. Осы тұрғыда 2026 жылды цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау бастамасы да айтылды.

Президент жасанды интеллект пен цифрлық салаларды болашақтағы сапалы экономикалық өсімнің маңызды факторы деп санайды. Бұл салаларда жұмыс істейтін адамдар саны салыстырмалы түрде аз болғанымен, олар басқа салалардағы өнімділікті арттырып, табыстың өсуіне жағдай жасайды. Сонымен қатар бұл үрдіс жұмысшы мамандықтарының маңызын арттырады: мәселе тек бағдарламашыларда емес, инженерлерге, электриктерге, желі, қауіпсіздік және салқындату жүйелері мамандарына да сұраныс өсіп келеді. Дамыған елдерде бұл инженерлік кадрлар қазірдің өзінде тапшы, - дейді депутат.

Никита Шаталовтың айтуынша, Мемлекет басшысы әрбір осындай сұхбатында елді дамытудың ұзақмерзімді жоспарын нақтылап отырады. Әлемдегі тұрақсыздық пен жылдам технологиялық өзгерістер жағдайында Қазақстан болашақтың іргетасын қазірден бастап қалауы қажет. Бұл – энергия, инфрақұрылым, деректер, кадрлар және әділ ережелер жүйесі. Осылардың жиынтығы ғана табысты экономика мен азаматтардың қанағаттануын, сондай-ақ елдің кең мағынадағы егемендігін қамтамасыз етеді.

Өзгелердің жаңалығы