Экологтар Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасарын әкімшілік жауапкершілікке тартты

10 Наурыз 2022, 18:43
2167
Бөлісу:
Экологтар Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасарын әкімшілік жауапкершілікке тартты

 Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Белгілі болғандай, 2021 жылы "Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰҚ" АҚ геопорталымен Маңғыстау облысында 103 нүктеде заңсыз төгілген қоқыстар анықталған. Ғарыштық мониторинг қорытындысы бойынша облыс әкімі орынбасарының бекітуімен аталған қоқыс үйінділерін 2021 жылы 10-шы тамызға дейін жою кестесі жасақталды. 

Бұл туралы Маңғыстау облыстық экология департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Аталған қоқыс орындары Ақтау қаласы және Қарақия, Мұнайлы, Түпқараған аудандарында түгелдей дерлік тазартылған. 

Алайда Жаңаөзен қаласы әкімдігімен тиісті жұмыстар өз деңгейінде жүргізілмеген. Атап айтқанда, облыс бойынша анықталған 103 нүктенің 38-і Жаңаөзен қаласына тиесілі және аталған қоқыс орындарының тек 4 нүктесі ғана тазартылған. Осылайша бұл жайт республикада Маңғыстау облысының көрсеткішіне кері әсерін тигізген болатын. 

Маңғыстау облыстық экология департаментінің және облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілдері Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Берік Ізғалиевпен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, өз құзыреті шегінде әрекет ету сұралған. Үстіміздегі жылдың 4 ақпанында облыстық экология департаментінің мемлекеттік экологиялық инспекторы Дархан Теңгелбаев, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қызметкері Ж.Жұмахан, Жаңаөзен қаласы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Р.Серікқалидың қатысуымен жоғарыда аталған 38 нүктедегі қоқыс орындарына шолу жасалды. Нәтижесінде тазартылған 4 нүктедегі рұқсатсыз орналасқан қоқыстар басқа нүктедегі қоқыс орындарына жинақтап қойғаны анықталды.

Айта кету керек, Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Берік Ізғалиевке 2020 жылғы 1-ші шілдедегі N 39 бекітілген лауазымдық нұсқаулығы бойынша шаһардың және жақын орналасқан елді-мекендердің санитарлық тазарту жұмыстары міндеттелген.

Осылайша әкім орынбасарының іс-әрекетінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 344 бабы, 2 тармағының - Қалдықтарды жинақтауға немесе көмуге арналмаған арнайы белгіленген орындардан тыс оларды жинап қою, сол сияқты қалдықтарды экологиялық рұқсатсыз немесе қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияда мәлімделмеген қалдықтарды көму туралы талаптарының бұзылуы анықталған. 

Сол себепті экология департаментінің тарапынан шенеунікке қатысты әкімшілік іс қозғалып, 100 айлық есептік көрсеткіш немесе 306 300 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Өзгелердің жаңалығы