Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Экологтар ескертті: Сорбұлақ суы ауылдарды шайып кетуі мүмкін

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
10 Қыркүйек 2025, 18:17
381
Бөлісу:
 Мәжілістің баспасөз қызметі
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов Үкімет басшысы Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында Сорбұлақ кәріз суы қоймасындағы экологиялық қауіпке ерекше назар аударды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, Алматы облысы Іле ауданында орналасқан Сорбұлақ жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан мәселе. Көлден тарайтын сасық иіс пен зиянды химиялық қалдықтар тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіріп отыр. Шілде айында жүргізілген зерттеулерде су құрамынан 31 түрлі химиялық зат пен ауыр металл анықталған. Соның ішінде кадмийдің мөлшері нормадан төрт есе артық.

Депутаттың айтуынша, көлдің сыйымдылығы 1 млрд текше метрге жуық, ал қазіргі жиналған көлем - 750 млн текше метр. Табаны тұрақсыз, су астындағы шөгінділер жылжуда. Экологтар табиғи апат кезінде Сорбұлақ арнасынан асып кетіп, Ақши, Күрті ауылдарын су шайып кету қаупі барын ескертуде.

Қасқарауов Үкіметке келесі ұсыныстарды жеткізді:

  • Сорбұлақтың жағдайын тексеретін мемлекеттік комиссия құру;
  • Кәріз суларын тазартатын заманауи станциялар салу;
  • Бұған дейін бөлінген қаржыны аудиттен өткізу;
  • Суды тиімді пайдалану үшін ирригациялық жобалар әзірлеу.

Депутат Сорбұлақ тек Іле ауданы ғана емес, бүкіл Жетісу өңірінің қауіпсіздігіне әсер ететін мәселе екенін атап өтті және оны Үкіметтің ерекше бақылауына алуды сұрады.

Өзгелердің жаңалығы