Ақтауда экология департаментінің қызметкерлері қала аумағында тараған жағымсыз иістің көзін анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр. Алайда әзірге нақты нәтиже шыққан жоқ, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.
16 желтоқсанда Маңғыстау облысының экология департаменті облыстың мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасымен бірлесіп Ақтау қаласы мен оған жақын елді мекендерде атмосфералық ауаның сапасына мониторинг жүргізді.
Ауа сынамалары «Рекон-Ақтау» ЖШС, «Oil Transshipment» ЖШС, «ҚазАзот» АҚ, 6/114 өнеркәсіптік аймағы және «Қазпол» ЖШС аумақтарында алынды.
Экология департаментінің мәліметінше, алынған сынамалар нәтижесінде атмосфералық ауадағы ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясынан асу фактілері тіркелмеген.
Сонымен бірге мониторинг жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.
Еске салайық, 15 желтоқсан күні сағат 23:00 шамасында Ақтау қаласын тұншықтыратын иіс басып, тұрғындар мұнай өнімдеріне ұқсас иісті сезгенін хабарлаған болатын.
Алдын ала зерттеулер барысында иістің көзі өнеркәсіптік аймақ болуы мүмкін екені айтылған. Атап айтқанда, «Рекон» базасы аумағында көміртегі тотығы (CO) бойынша шекті рұқсат етілген деңгейден асып кету тіркелгені белгілі болды.