Экологиялық қауіпсіздік. Жаңа гибридтік сүзгілер орнатылды

14 Қазан 2024, 16:48
292
Бөлісу:
Экологиялық қауіпсіздік. Жаңа гибридтік сүзгілер орнатылды

Павлодардағы алюминий зауытында жентектеу пештерінде жаңа гибридті сүзгілер іске қосылды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

№ 4 пештегі жаңа құрылғы газ және шаңнан тазартуға арналған. Тағы бір пеште үш жыл бұрын орнатылған екі сүзгі реконструкцияланып, гидридті типке алмастырылды. Жалпы, екі пештің сүзгі жүйесін жаңартуға 14 млрд теңгенің инвестициясы құйылды.

Алюминий зауытының бас экологі Мақсұт Жақыповтың айтуынша, басты мақсат – өндіріс барысында қоршаған ортаға келетін зиянды біртіндіп азайту. Ол үшін қолжетімді технологияларды барынша пайдалану қажет.

Гибридті сүзгілер швейцариялық технологиялар бойынша әзірленген. Жаңашыл жүйе қатты тастандылар бөлшектерін 20 мг/нм3 көрсеткішіне дейін азайтуға мүмкіндік береді. Экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған технологиялар ЕуроОдақ стандарттарына сай. Осылайша, біз қатты зиянды тастандыларды жылына 2 514 тоннаға дейін азайтамыз. Жаңа гибридті пеш тиімділігін көрсетіп үлгерді. Мәселен, бір тоқсанда шығындылар 0,6 тоннаға азайды. Ал реконструкцияға дейін бұл көлем 1 120 тонна болған. Біздің есептеуімізше, жылдық көрсеткіш 4 000 тоннаға төмендейді, - дейді Мақсұт Жақыпов.

Мамандардың айтуынша, жаңашыл жүйелер 30 жыл қызмет етуге қауқарлы. Айта кетейік, алып өндіріс ошағының экологиялық стратегиясы шеңберінде 40 жоба жүзеге асырылмақ. Инвестициялардың жалпы сомасы 112 млрд теңге. Негізгі жобалардың қатарында зауыттың санитарлық-қорғау аумағы мен Павлодар қаласының аумағында ағаш отырғызу бар. Бір жылда 1500 тұп ағаш салынады.

Компания өкілдері облыс әкімдігімен меморандумға отырып, құжат міндеттемелері аясында қарағайдың 1,8 млн данасы отырғызылды.

Өзгелердің жаңалығы