Жаңа экологиялық кодекс бойынша қоғамдық тыңдау өтті

6 Қыркүйек 2019, 22:57
7119
Бөлісу:
Жаңа экологиялық кодекс бойынша қоғамдық тыңдау өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағандыда Қазақстан Республикасының жаңа экологиялық кодексі жобасы бойынша қоғамдық тыңдаулар өтті. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгін Қарағандыда ҚР ЭГТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің басшысы Зульфухар Жолдасовтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының жаңа Экологиялық кодексі (Кодекс) жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өтті.

"Жаңа Кодекстің негізгі бағыттарының бірі - "ластаған төлейді" халықаралық экологиялық қағидатын іске асыру. Демек қоршаған ортаны ластаған кәсіпорындар экологиялық зиянды өтеуі тиіс болады. Яғни тиісті іс-шараларды жүзеге асыруға арналған шығындарын өз мойнына алады. Бұл Кодексте қоршаған ортаны бірнеше рет бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту, сонымен бірге қоршаған орта эмиссиясынан түсетін қаражатты қайда бағыттау керегін шешу, нақты бір аймақтың экологиялық жағдайын жақсарту секілді нормалар көрсетілген", - делінген хабарламада.

Министрліктің мәліметінше, экологиялық кодекс жобасының жаңа редакциясы қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік реттеу мен басқарудың неғұрлым тиімді және айқын жүйесін құруға, сондай-ақ нормаларды Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерімен үйлестіруге бағытталған. Яғни бұл үздік шетелдік тәжірибелер қолданылған жаңа заң институттарын енгізу, экологиялық заңнаманы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің стандарттарына сай етіп құру деген сөз.

Жиынға қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар, табиғат пайдаланушылар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Кездесудің қорытындысы бойынша жаңа Экологиялық кодекс жобасының соңғы нұсқасын әзірлеу кезінде ескерілетін ұсыныстар айтылды.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі 2018 жылдың қаңтарынан бастап жаңа Экологиялық кодекс әзірлеп жатыр. Биыл Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің жобасы және оған ілеспе заң жобасы Парламенттің қарауына түседі.

Өзгелердің жаңалығы