Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Қазақстан Президенті ел дамуының негізгі басымдықтарын айқындап, Үкімет пен мемлекеттік органдарға талқылаудан нақты іске көшу жөнінде тапсырма берген еді. Бірқатар бастамалар бойынша шешімдер қабылданып, жұмыс практикалық кезеңге өтті. Толығырақ BAQ.KZ тілшісі зерделеп көрді.
Бурабайда көтерілген басты бағыттардың бірі – экология мәселесі болды. "Байтақ" жасылдар партиясының төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі Азаматхан Әміртаевтың айтуынша, бизнес тарапынан экологиялық залал үшін жауапкершілікті күшейтуге ерекше мән берілген.
Оның сөзінше, негізгі ұсыныстардың бірі – экологиялық төлемдер мөлшерлемесін арттыру. Бұл шара бюджет кірісін көбейтумен қатар, кәсіпорындардың шығарындылар мен эмиссияларға деген көзқарасын түбегейлі өзгертуге бағытталған. Бұл мәселе кейін Парламентте де, кеңестерде де талқыланды, ауқымды жұмыс атқарылды. Биылдан бастап төлемдер өседі. Онда екі кезең қарастырылған. Біріншісі – жобаны келісу сатысында, экологиялық бөлігі бекітілген кезде (яғни қанша шығарындылар жоспарланып отыр және қандай төлемдер көзделген). Бұрын бір нәрсе жоспарланып, іс жүзінде аз төленетін. Енді 2026 жылдан бастап кәсіпорындар жобада көрсетілген көлемге сай төлейтін болады, – деді Азаматхан Әміртаев.
Оның пайымдауынша, бұл норма экологиялық эмиссиядан түсетін түсімді шамамен бір жарым есеге арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш жылына шамамен 110 млрд теңгені құрайды, ал күтіліп отырған өсіммен бұл сома айтарлықтай ұлғаяды.
Не іске асырылып жатыр: «Таза Қазақстан» бағдарламасын кеңейту
Бурабайдағы отырыста Президенттің "Таза Қазақстан" бастамасын, әсіресе экологиялық бөлігін күшейту мәселесі де қозғалды. Бұл бағытта бір реттік акциялардан жүйелі мемлекеттік саясатқа көшу қажеттігі айтылды.
Азаматхан Әміртаевтың сөзінше, құрылтайға қатысушылар бұл бастаманы заңнамалық деңгейде бекітіп, тұрақты қаржыландырумен қамтамасыз ету маңызды деген ортақ пікірге келген.
Бұл тек көшелерді тазалау, ағаш отырғызумен шектелмей, толыққанды бағдарламаға айналуы керек. Ол үшін заңнамаға қажетті өзгерістер енгізіліп, экология ұлттық идеологияның бір бөлігі ретінде қабылдануға тиіс. Мысалы, бізде экологиялық мәселелер неге жиі шешілмей қалады? Себебі табиғатты қалпына келтіруге арналған мақсатты қаржы жеткіліксіз. Бұрын жер қойнауын пайдаланушылар мен мұнай компаниялары өз мүдделерін лоббилеп, төлемдерді азайтып келді. Айталық, бізде метанның бір тоннасына арналған төлем мөлшерлемесі шамамен 73 теңге болуы мүмкін, ал АҚШ-та ол мыңдаған доллармен есептеледі. Бұл да – үлкен мәселе, – деді ол.
Не орындалды: футбол клубтарын жекешелендіру басталды
Құрылтайда айтылған тағы бір тапсырма – футбол клубтарын жекешелендіру қажеттігі болды. Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовтың айтуынша, бұл бағытта да нақты қадамдар жасала бастады.
Құрылтай отырысынан кейінгі бір жылға жуық уақыт ішінде "Қызылжар", "Қайсар", "Ақтөбе", "Шахтер" және "Жеңіс" футбол клубтары жекешелендірілді.
Бұл көбірек ниет ретінде айтылған еді, бірақ ол орындалып жатыр. Әрине, бұдан да жылдам болғанын қалар едік. Алайда бизнестің клубтарды жаппай өз мойнына алу дәстүрі әлі қалыптаспағанын ескерсек, қарқыны жаман емес. Қарыз мәселесі де бар: кейбір клубтардың берешегі айтарлықтай, бұл үдерісті қиындатады, – деді депутат.
Алға жылжыған бағыттар: салық, профилактика және өнеркәсіп
Магеррам Магеррамовтың айтуынша, Бурабайда айтылған тапсырмалардан кейін бір жылға жуық уақыт ішінде бірнеше бағытта нақты өзгерістер байқалады.
Ол салық блогы бойынша тиісті түзетулер қабылданғанын, құқықбұзушылықтың алдын алу саласында профильдік заң бекітілгенін, ал өңдеуші өнеркәсіпте Үкімет бірқатар кеңес өткізгенін атап өтті.
Сонымен қатар кәсіпорындардың бірыңғай тізілімі қалыптастырылып, процестерді цифрландыру мен ашықтықты бақылау күшейтіліп жатыр. Депутаттың пікірінше, бұл шаралар экономиканың нақты секторындағы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға тиіс.