Экология министрлігі Жем және Ойыл өзендеріне талдау жасады

2 Ақпан 2021, 16:29
2652
Бөлісу:
Экология министрлігі Жем және Ойыл өзендеріне талдау жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің «Қазгидромет» РМК шаруашылық қызмет пен климаттың өзгеруі жағдайында Жем және Ойыл өзендері ағынының өзгеруіне талдау жүргізді.

Осылайша шаруашылық қызметке климаттық факторлардың өзгеруін енгізу нәтижесінде шартты-табиғи кезеңмен салыстырғанда Жем өзеніндегі ағынның орташа жылдық көлемі 201 млн м3 (58%-ға), Ойыл өзені бойынша - 233 млн м3 (25%-ға) дейін төмендеген, - делінген ведомство хабарламасында.

Экология министрлігі Жем және Ойыл өзендеріне талдау жасады

Генезисі бойынша Қазақстанның жазық өзендері қармен қоректенетін өзендерге жатады. Сондықтан қысқы кезеңдегі жауын-шашын мөлшерінің ұзақ мерзімді динамикасы талданып, оған сәйкес соңғы 20 жылда жауын-шашынның азаюы байқалғаны анықталды. 

Бұл ретте өзендердің екі бассейнінде де ауаның орташа жылдық температурасының жоғарылауы байқалады. 

Бұл өз кезегінде су тасқыны басталған күндердің неғұрлым ерте мерзімдерге ығысуына әкеледі, осылайша сабалық кезеңнің ұзақтығын арттырады.

Бүгінгі күні шағын өзендер ағынының азаю себептерін анықтауды ары қарай зерттеу және олардың экожүйесін сақтау үшін ұсыныстар әзірлеу маңызды міндеттердің бірі болып табылады.

Ол үшін Қазгидромет Жем және Ойыл өзендері бассейндерінің қазіргі жағдайын зерттеу мен ағынның өзгеру себептерін анықтау бойынша экспедициялық іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр.

Жем және Ойыл өзендерінің бассейндерінде гидрометриялық бақылаулар 1935 жылдан бері жүргізіліп келеді. Өткен ғасырдың 50-жылдарының ортасында Жем өзені ағынының орташа жылдық көлемі 474 млн м3, Ойыл өзенінде - 310 млн м3 құрады. Жайылма суару мен шағын гидротехникалық құрылыстар үшін бөгеттер жүйелерінің пайда болуымен ағынның орташа жылдық көлемі 18%-ға қысқарды және Жем өзені бойынша 388 млн м3, Ойыл - 253 млн м3 құрады, - делінген таратылған ақпаратта.

Осындай өзгерістер еліміздің басқа өңірлерінде де орын алуда. 

Өз кезегінде ірі су объектілерінің салаларын қоректендіретін шағын өзендердің осындай мәселелерін зерделеу тек Қазгидромет мамандары үшін емес, сонымен бірге су қауіпсіздігі саласындағы бүкіл ғылыми қоғамдастық үшін бірінші кезектегі маңызды міндет болып табылады.

Өзгелердің жаңалығы