Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен ҚазМұнайГаз ынтымақтастық туралы меморандум бекітті.
Бұл құжаттың толық атауы - Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум. Оған Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев пен ҚазМұнайГаз Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев қол қойды.Қол қойылған құжатқа сәйкес, ҚМГ-нің еңшілес компаниялары - "Қаражанбасмұнай" АҚ, "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ, "Өзенмұнайгаз" АҚ экологиялық талаптар мен стандарттардың міндетті түрде сақталуын қамтамасыз етеді. Бұған қоса, қалдықтарды өңдеудің алдыңғы қатарлы әдістері мен экологиялық қауіпсіз технологияларын тартады. Мұнаймен ластанған жерлердің құнарлығын қалпына келтіріп, тазартылған топырақты кейіннен қолдануды қамтамасыз етеді.
"Меморандум қабылдаудағы мақсат - қоршаған ортаның сапасын жақсарту, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жәна ынтымақтастықты нығайту. Қазақстанда мұндай көлемдегі міндеттерді компания бірінші рет өз мойнына алып отыр. Бұл құжатты іске асыру еліміздің батысындағы мұнаймен ластанған учаскелердің аумағын едәуір тазартуға, өңірде қолайлы экологиялық жағдайды сақтауға мүмкіндік береді", - деді Мағзұм Мырзағалиев қол қою рәсімінде.