ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі Атыраудағы төтенше жағдайлар бойынша мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, Атырау облысында 3 сәуір күні бірнеше төтенше жағдай болды.
"Ақ Жайық" мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы қамыстың өртенуі мен Атырау мұнай өңдеу зауытының құбыры және "Kazakhstan Petrochemical Industries Inc" ЖШС құбырынан қара түтіннің шығуы қолайсыз метеорологиялық жағдайлар мен желдің болмауына байланысты күрделі экологиялық жағдай туғызды. Мәселен, Атырау мұнай өңдеу зауытында жанармай газына сұйықтықтың түсуі салдарынан баяу кокстеу қондырғысындағы П-2 пешінің жану режимінің бұзылу фактісі тіркелді. Сағат 10:32-де қысқа мерзімді түтіндеу орын алып, 10:47-де түтін толықтай сөндірілген, - деп түсіндірді министрлік.
Сонымен қатар қысқа тұйықталу салдарынан «KUS» ЖШС-нің ПГТЭС-да генерациялау қондырғыларында авариялық жағдай болған көрінеді.
Ал сағат 10:59-да «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС полипропилен өндіру бойынша біріктірілген газ-химия кешенінде (IGCC) 220 кВ Л-2025 әуе желісіндегі қысқа тұйықталу салдарынан «KUS» ЖШС-нің ПГТЭС-да генерациялау қондырғыларының авариялық жағдай орын алды. Нәтижесінде, өндірістің ішінара тоқтап қалуына әкеліп соқтырған электр қуатының үзілуі орын алды, - делінген ведомство хабарламасында.
Қазір екі кәсіпорынға қатысты тексеруді прокуратураға тіркеу жұмыстары жүргізілуде. Екі факті бойынша мән-жай анықталады.
Сондай-ақ кәсіпорындардың, әсіресе, Атырау мұнай өңдеу зауытының экологиялық көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Табиғатты қорғау заңнамасын бұзу және газды қолдану жұмыстары жүйелі түрде тіркелуде.
Өткен жылы тиісті заңдылықтарды бұзу бойынша дәлелдерге жүгіне отырып Атырау облыстық экология департаменті Атырау мұнай өңдеу зауытының экологиялық рұқсатын тоқтату туралы материалдарды сотқа жолдаған болатын. Алайда, биыл да сапаның жақсармағанын көріп отырмыз. Осыған байланысты кәсіпорындар экологиялық көрсеткіштерін жақсарту мәселесін бақылауға алып, барлығын тез арада бір ретке келтіруі керек. Осы мәселе бойынша министрлік Атырау мұнай өңдеу зауыты мен KPI-нің бас компаниясы – ҚазМұнайГазға және Самұрық Қазына өндеу хат жолдамақ, - деп түйіндеді ведомствоның баспасөз қызметі.