Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның экология, геология жəне табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Шардара су қоймасындағы өнеркəсіптік балық аулау процесімен танысты.
Балық өсіру шаруашылығының бірі - "Хамит" ƏКК-нің табысты тəжірибесін атап өткім келеді. Бүгінде өсірілген балық өнімінің ауқымы көңіл сүйсінтеді. Бұл əдіс балықшылардың жаңа технологиялар мен өндірісті қолдану арқылы балық аулаудан оны өсіруге ауысу секілді саладағы міндетке жауап береді, - деп жазды министр сəрсенбіде өзінің Twitter-дегі парақшасында.
Биологиялық ресурстарды ұтымды пайдалану - біз көздеп отырған негізгі тренд, - деп атап өтті ол.Министрдің пікірінше, Қазақстанда балық өсірудің келешегі зор. Оны іске асыру үшін үкімет басшысының тапсырмасы бойынша тың шаралар қабылданбақ.
Қазақстанның Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрлігінің деректері бойынша, 2019 жылы 2,2 мың тоннадан аса балық өнімін Шардара су қоймасының су шаруашылығы субъектілері өңдеген.
Еске салсақ, Қазақстанның Үкімет басшысы Асқар Мамин ақпанда Атырау қаласында өткізілген балық шаруашылығын дамытуға арналған кеңесте саланы қолдау бойынша түбегейлі шаралар қабылдауға тапсырма берді.