Санкцияланбаған қоқыс орындарын ұйымдастырғандарды жазалау күшейтіледі

23 Қараша 2021, 15:17
928
Бөлісу:
Санкцияланбаған қоқыс орындарын ұйымдастырғандарды жазалау күшейтіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанның экологиялық ұйымдары Қауымдастығы елдегі қоқыс полигондарының кезек күттірмейтін мәселесіне жұртшылықтың баса назар аударуын сұрайды. Бұл туралы қауымдастықтың мәлімдемесінде жазылған.

2021 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша, Қазақстанда 2932 қоқыс полигоны тіркелген. Оның тек 509-ы, яғни 17%-ы ғана экологиялық нормаларға сай келеді. Оған қоса тек заңдастырылған полигондарда жыл басынан бері 40 өрт болған: 17-сі Шығыс Қазақстан облысында, бесеуі – Ақтөбе облысында, төртеуі Алматы облысында, үшеуі Павлодар облысында, сондай-ақ Маңғыстау, Атырау, Түркістан облыстарында болып өткен.

Осы жылдың қазан, қараша айларында Ақтау, Өскемен, Семей, Атырау, Түркістан және өзге де өңірлерде жанған полигондар бірнеше күн түтіндеген; санкцияланбаған қоқыс орындарында өрт қайталанған. Тұрғындардың түсірген шағымдарына сүйенсек, сол күндері терезе ашу тіпті мүмкін болмаған, ал ең қауіптісі, денсаулық жағдайларының нашарлауы. Жану – бұл жылу мен газдар бөлетін химиялық реакция. Қоқыс құрамы әртүрлі болғандықтан, бөлінетін токсиндердің де көлемі нормадан бірнеше есеге асады, – делінген хабарламада.
Мәселені ушықтыратыны – Тәуелсіздік жылдарын қосқанда ел тарихында нақты қандай көлемде қоқыс жиналғаны туралы ақпарат мүлде жоқ. Тек ресми деректерге сәйкес санкцияланбаған қоқыс орындарының саны 8,5 мыңға жетіп отыр. Сонымен қатар қоқыстың құрамындағы зиянды және улы компоненттердің құрамы және морфологиясы да белгісіз.

Парниктік газдардың, зиянды заттардың ауаға тарап, жерге сіңіп, жерасты суларын зақымдауын өлшейтін заманауи құрылғылардың шектеулілігі де жағдайды анықтауға кедергі келтіруде. Токсинді, улы заттардың деңгейін анықтайтын жүйелі зерттеулердің жоқтығы, олардың адам ағзасы мен денсаулығына әсері де – көкейкесті мәселе.

Бізге өңірлерден бұл сұрақтарды жоғары мемлекеттік деңгейде көтеруді талап ететін шағымдар үнемі келіп түседі. Дамыған елдердің жолымен қалдықтарды меңгеру бойынша толыққанды жүйені жолға қойып, циклді экономикаға көшіп, ең мықты, әлемдік қауіпсіз тәжірибелерді енгізуіміз керек.

Осы айтылғандармен қатар, Қазақстан экологиялық ұйымдар Қауымдастығы жұртшылыққа, үкіметтік емес ұйымдарға, экология белсенділеріне, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне, ҚР Үкіметіне, Парламенттің Мәжіліс және Сенат депутаттарына мәлімдейді:

Қазақстан Республикасы заңнамасындағы нормаларды қатайту мүмкіндігін талқылауды ұсынамыз. Нақтырақ айтсақ:

– Санкцияланбаған, стихиялы қоқыс орындарын ұйымдастырғаны үшін жазалау және қоқыс полигондарында өртке жол беру, оларды жасыруға тырысу сияқты әрекеттер үшін жауапкершілікті қатайту.

Өз кезегінде Қауымдастық бұл ұсыныстарға ақпараттық, құқықтық қолдау көрсетуге, ҚР заңнамасына өзекті өзгерістер енгізу бойынша көмек ретінде өзінің ақпараттық алаңдарын ұсынуға дайын екендігін жеткізеді.

Өзгелердің жаңалығы