Партия өкілдері Астана мен Петропавлда өткен кездесулерде экология, денсаулық сақтау, құрылыс және инклюзивті білім беру мәселелерін талқылады.
BAYTAQ жасылдар партиясынан Құрылтай сайлауына кандидаттар сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында Астана мен Петропавлдағы еңбек ұжымдарымен кездесті.
Астанада партия атынан кандидат Сәуле Қамытбекова алдымен Center Concrete темір-бетон бұйымдары зауытының ұжымымен жүздесті. Кездесуде партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, құрылыс саласына энергия үнемдейтін технологияларды енгізу, экологиялық қауіпсіз материалдарды пайдалану және отандық өндірісті қолдау мәселелері сөз болды.
Кандидаттың айтуынша, экологиялық талаптарға сай өндірілген сапалы құрылыс материалдары тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың энергия тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар құрылыс қарқынын сақтай отырып, қоршаған ортаға зияны аз технологияларды қолданудың маңызы атап өтілді.
Сондай-ақ Сәуле Қамытбекова Integrate Clinic медициналық орталығының ұжымымен кездесті. Жиында партияның экологиялық платформасы таныстырылып, қоршаған ортаның адам денсаулығына әсері, экологиялық қауіпсіздікті күшейту және профилактикалық бағыттағы бастамалар талқыланды.
Кездесу барысында медицина қызметкерлері де өз ұсыныстарын айтты. Олар жас мамандарды қолдау, қолжетімді әрі жалдамалы тұрғын үй мәселесін шешу және біліктілікті арттыру мүмкіндіктерін кеңейту қажеттігін көтерді.
baytaq.kz/kk
Үгіт-насихат жұмыстары Петропавлда да жалғасты. BAYTAQ жасылдар партиясынан Құрылтай сайлауына кандидат Алмаз Джакишев «Мархабат» түзету балабақшасының ұжымымен кездесті.
Кездесуде қоршаған ортаның жай-күйінің балалар денсаулығына әсері де талқыланды. Ауа мен судың ластануы, экологиялық ахуалдың нашарлауы сөз болып, экологиялық қауіпсіздікті күшейту, елді мекендерді көгалдандыру және табиғатты қорғау шараларын жүйелі жүзеге асырудың маңызы айтылды.