Эковолонтерлікті дамыту бағытындағы волонтерлік жобаларды іске асыру үшін қандай істер атқарылып жатқанын ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық саясат департаменті директорының орынбасары Наталья Даулетьяровадан сұрадық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
- Биыл департамент тарапынан еріктілерді тарта отырып қандай жобалар іске асты?
- Волонтерлік қоғамдастықты тарта отырып “Жер сағаты”, “Дүниежүзілік көліксіз күн”, “Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні” дүниежүзілік акцияларына қатыстық. Сондай-ақ “Бірге таза Қазақстан” республикалық акцияларын да еріктілердің көмегімен жүзеге асты.
- “Жер сағаты” мен “Көліксіз күн” қандай акция?
- Біз 2024 жылғы 23 наурызда “Жер сағаты” республикалық акциясын өткіздік. Қазақстандықтар қоршаған ортаны қорғау мен климаттың өзгеруіне қарсы күресті қолдауға дайын екендіктерін көрсете отырып, “Жер сағаты” жаһандық акциясына қосылды. Елдің қалалары мен ауылдық жерлерінде адамдар жарық пен электр құрылғыларын өшіріп, тұрақтылық пен экологиялық жауапкершілікті қолдайтындықтарын көрсетті. Қазақстандағы “Жер сағатына” қатысу табиғатты қорғаудың маңыздылығы мен қоршаған ортаны қорғау үшін бірлескен шаралар қабылдау қажеттілігі туралы сананың өсіп келе жатқандығын растайды. Бұл бастама барлығына біздің планетамыздың маңыздылығын еске салып қана қоймайды, сонымен қатар оны болашақ ұрпақ үшін сақтау бағытындағы әрекеттерді шабыттандырады. Жалпы акцияға 1243 кәсіпорындар қатысты.
2024 жылғы 10 мамыр мен 9 маусым аралығында Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында “30 күн бойы көліксіз жүр!” республикалық акциясын өткізді. Бұл акция қоршаған ортаның ластану проблемасына назар аударуға және көліктің баламалы түрлерін пайдалануды ынталандыруға арналған.
- Министрлік “Таза Қазақстан” акциясы аясында қандай жұмыстар атқарды?
- Министрлік қоқыс жинау және жасыл желектер отырғызу акциясын өткізуді 2019 жылы бастады, сол кезде министрлік құрылды. Бұл акцияны Премьер-министр, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар және қоғам қолдады. Акцияның басталған күні республика бойынша сенбілікке 300 мыңға жуық адам шығып, 340 мың тоннадан астам қоқыс жиналды.
Жалпы 2019 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін акцияға 3,9 миллионнан астам адам қатысып, 697 мың тоннадан астам қоқыс жиналды, 1,2 миллионға жуық жасыл желек отырғызылды.
Наурыз мерекесі аясында елдің оңтүстік және батыс аймақтарында “Тазалық эстафетасы” экологиялық акциясы өткізілді. Іс-шара Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Атырау облыстарында, Жетісу облысында және Алматы қаласында өтті. Акцияға 90 мыңнан астам адам қатысты. Акцияның қорытындысы бойынша 18 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, 600-ден астам жасыл желек отырғызылды.
Сәуірде Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарында, Жетісу, Абай және Шымкент, Алматы қалаларында Қазақстан бойынша ағаш отырғызу күні өткізілді. Жалпы акцияға 25 мың адам қатысып, 100 мыңға жуық ағаш отырғызылды.
Биылғы жылдың 23-26 сәуірі аралығында Қазақстанның барлық аймақтарында экология департаменттері жергілікті атқарушы органдар мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын орындарды жою мәселесі бойынша баспасөз турларын өткізді.
27 сәуірде республика бойынша «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өтті. Акция аясында сенбіліктер және жасыл желек отырғызу іс-шаралары өткізілді. Іс-шараға 230 мыңнан астам адам, оның ішінде 30 мыңнан астам экоактивист және ерікті, 130 мың кәсіпорындар мен қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері, 70 мың мемлекеттік қызметкер қатысты.
Акцияның қорытындысымен республика бойынша 40 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, 100 мыңға жуық жасыл желек отырғызылды.
11 мамырда республика бойынша сенбілік және ағаш отырғызу шаралары өтті. Акцияға 400 мыңнан астам адам қатысып, 100 мың тоннадан астам қоқыс жиналды және 120 мыңға жуық жасыл желек отырғызылды.
Елордада Министрлік қызметкерлері Ботаникалық бақта 259 қарағай көшетін отырғызды.
2024 жылдың 13 шілдесінде республика бойынша еріктілер мен БАҚ өкілдерін тарта отырып, “Таза жағалаулар” акциясы өтті. Акция су айдындарының жағалауларында өткізіліп, аумақтарды қоқыстар мен ластанудан тазартуға бағытталды. Республика бойынша акцияға 88,8 мыңнан астам адам қатысты және 6,9 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, 20,9 мың гектар жер тазартылды.
Жалпы акцияға қыркүйекке дейін 834 мыңнан астам адам қатысып, 165 мың тоннадан астам қоқыс жиналды, 326 мың жасыл желек отырғызылды.
- Экологиялық акцияларды өткізудің маңызы неде?
- Экологиялық акциялар қоршаған ортаны қорғауда маңызды рөл атқарады. Олар елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартумен қатар, халықтың экологиялық мәдениетін және тиісті өмір салтын дамытуға ықпал етеді.
- Сұхбатыңыз үшін рахмет!