Алматы халықаралық әуежайында кепілге алынған қыз өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында құтқарушысымен бірге түскен суретін жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Менің құтқарушым! Екінші рет өмірге келуіме Мұса ағам себепкер», – деп жазды 23 жасар Ботагөз Мұхтарова.
Qaz365.kz тілшісі ерлік көрсеткен Мұса Әбдірайыммен байланысып, қысқаша сұхбат алды.
Оқиғадан кейін келесі күні қыздың әкесі маған хабарласып, алғыс білдірді және үйіне қонаққа шақырды. Мен үшін ең бастысы – құтқарған адамның жағдайын білу. Сол себепті шақыруды қабыл алып, олардың отбасымен жүздестім. Мені жылы қарсы алды, Ботагөздің хәлі жақсы, кішкентай қызы бар екен, – деді Мұса Әбдірайым.
Кейіннен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әуежайында қылмыскерді қарусыздандыруға көмектескен Мұса Әбдірайымды «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.
Еске сала кетейік, 7 наурызда Алматы әуежайында белгісіз ер адам әйелді кепілге алып, пышақпен қорқытпақ болған. Алайда оқиға орнында болған азамат қаскүнемді әңгімеге тартып, оңтайлы сәтте оның қолындағы пышақты тартып алған. Қылмыскердің мұндай әрекетке не себепті барғаны әлі анықталған жоқ.