Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қоғамдық даму институтының алаңында өткен «Sarap» эксперттік клубының отырысында «ҚҚДИ» КеАҚ Стратегиялық талдау тобының жетекшісі Лязат Нұрқатова Президенттің Конституцияға түзетулері бойынша республикалық референдум өткізу туралы ұсынысын қолдады.
Саяси жүйе мен ел өмірін жаппай либерализациялау басталды. Мемлекет пен қоғам арасындағы қатынастың өзге де моделі құрылып жатыр, олар негізгі заңның жаңа редакциясында айқындалатын болады. Халықтың өзі референдум арқылы таңдау жасауы дұрыс, – деді ол өз сөзінде.
Стратегиялық талдау тобының жетекшісі сондай-ақ 20 жаңа заң қабылдау талап етілетінін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі барлық саяси жүйені түбегейлі өзгертуде, бұл «косметикалық» жөндеу емес. Біз күшті Парламенті бар президенттік республика жолында тұрмыз. Президенттің бастамалары Конституцияның 98-бабының 30-дан астамын өзгертуді және 20 жаңа заң қабылдауды талап етеді, – деді ол.
Сонымен қатар отырыста «Sarap» эксперттік клубының мүшелері Қазақстанды Франция, Польша, Грекия, Оңтүстік Корея сияқты елдердің тәжірибесімен салыстырды. Америкалықтар демократиялық республиканы бірінші реттен құра алса, француздар бесінші реттен, Оңтүстік Корея алтыншы реттен, гректер мен поляктар үшінші реттен құра алғанын мысалға келтіріп, қазақстандықтар екінші реттен құра алатынына сенім білдірді.