Павлодар өңірі жылыту маусымын биыл бір апта ерте бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ 24kz-ке сілтеме жасап.
Әлеуметтік нысандарға жылу 9 қыркүйекте, көпқабатты үйлерге 16-нан берілді. Қазір сегіз ауданда балабақша, мектеп, ауруханалар 100% жылумен қамтылған. Қалған үш қала мен екі ауданда жұмыс жалғасып жатыр. Облыс әкімі Асайын Байханов жауапты сала басшыларына жағдайды қатаң бақылауды тапсырды.
Жоспарға сай қазан айына дейін өңірдегі барлық көпқабатты үйлер толық жылумен қамтылуға тиіс. Осыдан екі жыл бұрын коммуналдық апат болып, жарты қала жылусыз қалған Екібастұзда әлеуметтік нысандардың әзірге тек жартысына ғана жылу берілді.
Екібастұз, Ақсу қалаларында және барлық аудандарда әлеуметтік нысандарда жылыту маусымы ағымдағы жылдың 16 қыркүйегінен басталды. Екібастұз қаласында 79 әлеуметтік нысанның 36-сы қосылды. 21 қыркүйекте 100% қосылады, - деді Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзайыпов.