Қазіргі кезге дейін 18 жеке меншік тұрғын үйде жылу болған жоқ, күннің соңына дейін он төрт тұрғын үй жылуға қосылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Осылайша жылуға қосылмаған үйлердің саны тек 4 жеке меншік тұрғын үйді құрайды. Бұл туралы Павлодар облысы басшысының жетекшілігімен өткен жедел штабтың отырысында Екібастұз қаласының әкімі хабарлады.
Бүгінгі таңда Екібастұздың барлық көпқабатты үйлері жылумен, ыстық және суық сумен қамтамасыз етілген. Өкінішке қарай, кварталішілік желілердегі ұсақ су кетулерге байланысты жекелеген үйлерді жылудан ажырату қажет болып жатыр. Бірақ, бұл уақытша шаралар, жөндеу жұмыстары жедел түрде жүргізіліп, жылу үйлерге қайта берілуде.
Тұрғындарға келтірілген залалды өтеу жұмыстары басталды. Берілген өтініштерге сәйкес зардап шеккен пәтерлерді аралау жалғасуда. 121 пәтерде жеңіл зақымдану анықталып, олардың қатарындағы 53 пәтерде жұмыстар басталды, - деді Аян Бейсекин.
Облыстық білім басқармасының басшысы Самал Айтқазина алпыс бес білім беру мекемесінің 45-де қажетті температуралық режим толық сақталғанын хабарлады. Қалған ұйымдарда жылумен жабдықтау жүйелерін теңгерімдеу жүргізіледі. Осыдан кейін температуралық режим нормативтік деңгейге жеткізіледі.
Денсаулық сақтау объектілеріне келер болсақ, олардың бәрі штаттық режимде жұмыс істейді. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Ситқазиновтың айтуынша, қалалық ауруханада 326 пациент емделуде, оның ішінде 85 бала бар. Апат басталғаннан кейін уақытша Павлодар қаласына көшірілген психикалық денсаулық орталығының 26 пациентін 19 желтоқсанда Екібастұзға қайтару жоспарланып отыр.
"ОАЭК" АҚ-ың Басқарма төрағасының орынбасары Леонид Янушконың айтуынша, екі күн ішінде станция қызметін қалыпқа келтіру үшін тағы екі қазандықты іске қосу жоспарлануда.
Қазір басты міндет - ЖЭО-ның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету. Қажетті қазандықтарды іске қосып, станция жұмысын тұрақтандырғаннан кейін әлеуметтік нысандарды офлайн режимге көшіру жөнінде шешім қабылдаймыз, - деп атап өтті өңір басшысы.
Асайын Байханов қала басшылығына сумен жабдықтау және электр қуатын өшіру мәселелерін қатаң бақылауда ұстауды, сондай-ақ, тұрғындардың шағымдарына уақтылы жауап беруді тапсырды.