Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Ата Мұра» мәдениет орталығы ұйымдастырған шарада ұлттық ас мәзірінің 20-ға тарта түрі қойылды, деп жазды Хабар24.
Ұлттық тағамдардың құнары мол, денсаулыққа пайдасы зор дейді ұйымдастырушылар. Көнеден жеткен әрбір астың шығу тарихы бар. Мәселен, бүрме қарынды көшіп бара жатқан жұрт келесі көш жеткенше шоққа көміп кетіп отырған. Ал ұзатылған қызына арнап, анасы үлпершек дайындаған. Қарынға сары май салудың да әдіс-тәсілдері жетерлік. Бабы келіссе қарындағы сары май екі-үш жыл бұзылмай сақталады. Әсіп те таңсық тағамның бірі. Оны қойдың ұлтабарына және жылқының ішегіне ет, күріш, көкөніс салып пісіреді. Мәдениет орталығы қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеп ғана қоймай кеңінен насихаттау үстінде.
Бұл қазақтың ұлттық ұмытылған тағамдарының бірі «үлпершек» деп аталады. Үлпершек өздеріңіз көріп тұрғандай, жүректен жасалынады. Үлкен малдың жүрегінен жасалады. Мұның екі жағын жақсылап тұрып кесіп, сосын ішінің бәрін тазалап ішіне жылы жұмсақ, ет, май салып, екі жағын тігіп қояды. Үлпершекті негізінен алысқа ұзатылған қызға анасы жасайды, - деді Екібастұз қаласының тұрғыны Қазынагүл Алпысбаева.