Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қоғаммен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалин айтты.
"2019 жылғы 1 наурызда Қазақстан Қарулы күштеріне көктемдік шақыру басталды. Қорғаныс министрлігінің ақпаратына сәйкес соңғы жылдары әскерге шақырылушыларға деген жетіспеушіліктің жоқтығымен қатар жас азаматтардың көпшілігінің әскерде қызмет етуге деген үлкен ықыласы байқалады. Бірақ сонда да әскери билетті белгілі бір параға алуға тырысатындар да кездеседі. Ұлттық бюромен аталған фактілердің жолы кесілуде. Қазіргі кезде Павлодар облысында Екібастұз қаласының қорғаныс істері жөніндегі бірлескен бөлімінің инспекторына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Ол әскери борышты өтемей-ақ әскери билетті беру үшін делдалдар арқылы 800 мың теңге сомадағы пара алған деп күдікке ілінді", - деді Арман Бердалин.
Оның айтуынша, инспектор кінәсін толық мойындауына байланысты процестік ұстау қолданылмаған. Қазіргі кезде тергеу жұмыстары жалғасуда.
"Қорғаныс саласында 2018 жылы және 2019 жылдың 4 айында барлығы 49 сыбайлас жемқорлық қылмыстары тіркелді. Сондай-ақ, 17 тұлға сотталған", - деді департамент директоры.
Бұған дейін әуежайдың бас есепшісі қаржы полициясына 16 млн теңге пара ұсынғаны туралы хабарлағанбыз.