Екібастұз қаласының жылу станциясындағы жөндеу жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Өткен жылу маусымында болған ірі коммуналдық апаттан соң электр станциясын күрделі жөндеуден өткізу туралы шешім қабылданғаны белгілі. Алдағы жылу маусымына дайындық барысында 10 қазандықты жөндеу жоспарланған. Оның ішіндегі сегіз қазандық күрделі жөндеуден өткізіледі.
Жалпы, бес су жылыту қазандығын жөндеуге мемлет бюджетінен қаражат бөлінді. Ал бес энергетикалық қазандық, қосалқы бөлшектер мен ғимарат қалыпқа келтіруге «ОАЭК» АҚ қаржы жұмсайды.
«Павлодарэнерго» АҚ-ның бас директоры Олег Шемельдің айтуынша, қыркүйек айына дейін станцияның құрылғылары талапқа сәйкестендірілуі тиіс.
Барлық қазандық агрегаттары, энергетикалық құралдардың барлығында жөндеу жұмыстары аяқталады. Қосалқы бөлшектер жеткілікті. Тек жұмыс барысын ұйымдастырып, бақылауда ұстау керек, - дейді Олег Шемель.
Айта кетейік, жөндеу барысы жедел штабдың жіті бақылауында. Айта кетейік, қаланың коммуналдық инфрақұрылымын қалыпқа келтіруге мемлекеттік бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінді. Ал электр станциясының қазандықтарын жөндеуге 7,4 млрд теңге қарастырылған.