Екібастұз қаласында жылу желілеріндегі апат салдарынан төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
ҚР «Азаматтық қорғау туралы» заңының 48-бабына сәйкес Екібастұз қаласының аумағында жылу желілеріндегі апатқа байланысты қала әкімі техногендік сипаттағы жергілікті төтенше жағдай жариялады. Қазіргі жағдай бойынша жылусыз қалған 130 көпқабатты үйдің 110-ы жылу жүйесіне қосылды. 20 нысанда әлі жылу жоқ, - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, кеше Екібастұз қаласында жылу желілерінде ақаулар анықталып, жылу орталығындағы бірнеше қазандық жұмысын тоқтатты. Қазіргі уақытта оқиға орнында республикалық жұмыс тобы жүр. Жедел штаб құрылып, жедел іс-қимыл шаралары қолға алынды.
Энергетика вице министрі Жандос Нұрмағанбетовтің айтуынша, апат жылу жүйесінде болып тұр.
Жылу жүйесі суды көп тұтынатындықтан, қазандықтардың қорғаныс жүйелеріне байланысты жағдайға баға берілді. Қазақша айтқанда, желілерде «тесіктер» анықталды. Алдын ала ақпарат бойынша 23 ақау орны анықалды. Соның бәрі зерттелді. Бұл мәселе бұған дейін де көтеріліп келген. Жұмыс тобы құрылды. Бұған дейін бірнеше жауапты тараппен жиындар өткізілді. Құбырлардың жағдайы өте нашар, нәтижесін көріп отырмыз. Мақсат – кәнілілерді іздеу емес, жағдайды дұрыстау, - дейді Жандос Нұрмағанбетов.
Айта кетейік, Екібастұз жылу құбырларының иелігінде 370 шақырымдық құбыр бар. олардың басым бөлігі әбден тозған. жылына тек 3-4 шақырымы ауыстырылады.