Павлодар облысының Екібастұз қаласы маңында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясының құрылысы бойынша стратегиялық жобаны іске асыру басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жобаны биыл 29 қаңтарда Энергетика министрлігімен қол қойылған келісімдер аясында «State Power Investment Corporation» қытайлық корпорациясы мен «Pavlodar Green Energy» ЖШС бірлесіп жүзеге асыруда. Құрылысқа тартылатын тікелей шетелдік инвестициялар көлемі – 1,2 млрд доллар, ал нысанды пайдалануға беру 2029 жылға жоспарланған.
Жаңа ЖЭС-тің басты технологиялық ерекшелігі қуаты 300 МВт болатын энергия жинақтау жүйелерімен жабдықталуында. Бұл шешім жаңартылатын энергия көздеріне тән табиғи құбылмалылықты тиімді реттеуге және еліміздің Біртұтас электр энергетикалық жүйесіне тұрақты қуат беруге мүмкіндік береді.
Станция іске қосылғаннан кейін жылына 3,4 млрд кВт·сағ электр энергиясын өндіреді, бұл Қазақстанның энергетикалық теңгерімін нығайтуға айтарлықтай үлес қосады.
Энергетикалық тиімділіктен бөлек, жобаның экологиялық маңызы да жоғары: парниктік газдар шығарындылары жылына 2 млн тонна СО₂-ға дейін азаяды деп күтілуде.
Аталған бастаманы іске асыру халықаралық серіктестіктің тиімділігін және Қазақстанның «жасыл» энергетика саласындағы озық технологиялық шешімдерді ендіруге дайын екендігін айқын көрсетеді.