Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Екібастұз қаласындағы инфекциялық ауруханада реконструкциялық жұмыстар жүргізілуде. Жобалық-сметалық құжаттама бойынша оттегі станциясының құрылысы қарастырылған.
Қазіргі уақытта Ертіс өңірінде эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Коронавирустық инфекция жұқтырғандардың қатары күннен күнге көбейіп келеді.
Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазиновтың хабарлауынша, қазір модульді орталықта 156 науқас ем қабылдап жатыр. Олардың 15-і жансақтау бөлімінде жатыр.
Соңғы тәулікте модульді орталыққа 21 науқас түсті. Олардың жағдайы - орташа және ауыр. Ал облыс тационарларына 136 адам жатқызылды. Облыстағы төсек орын қоры 34%-ға толық. Реанимациялық төсек орындарда 70 пациент жатыр. Соңғы тәулікте инфекциядан үш адам көз жұмды. Олардың қосымша созылмалы аурулары болғаны белгілі. Жағдай күрделеніп келеді. Халықты әлеуметтік қашықтықты сақтап, санитарлық ережелерді бұзбауға шақырамыз, - дейді Айдар Сейітқазинов.Екібастұз қаласында да жағдай тұрақталмай тұр. Сондықтан жаңа инфекциялық ауруханада реконструкциялық жұмыстар басталған. Емдеу мекемелерін оттегімен қамту мақсатында тағы бір оттегі станциясы пайда болады. Осылайша облыс бойынша мәселе толық шешімін табады.
Қазір облыста 1900 төсек орын бар. Олардың 900-ден астамы бос емес. Қажет болса, олардың қатарын төрт мыңға жеткізе аламыз. Оған мүмкіндік бар. Медициналық кадрлар бойынша тапшылық байқалмайды. Бүгінде 500 маманнан құралған резерв бар. Нақтырақ айтқанда, 100-ден астам дәрігер, 200-ден астам орташа маман, қалғаны кіші санитарлық ұжым көмекке келуге дайын, - дейді мамандар.