Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Nurly Ertis» пилоттық бағдарламасы аясында Екібастұз қаласында пәтерлердің кілттері табыс етілді.
Бұл туралы Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады pavlodarnews.kz.
«Еліміздің еңбек күші мол өңірлерінен 27 көпбалалы отбасы көшіп келді. Оның ішінде 142 адамның 51-і еңбекке жарамды, 91-і бала. Балалар тегін негізде балабақшаларға барады, оқушылар мектеп жабдықтарымен қамтамасыз етіледі, ата-аналары жұмысқа орналасады. Алдағы уақытта Павлодар облысы көптеген азаматтар үшін өз арманы мен бастамаларын жүзеге асыратын өңірге айналады деп ойлаймын», - деді облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов.
Үш бөлмелі пәтердің кілтін 9 отбасы, 2 бөлмелі пәтердің кілтін 18 отбасы алды.
Екі ай бұрын іске қосылған «Nurly Ertis» бағдарламасы бойынша Павлодар облысына 103 отбасы немесе 617 адам көшіп келген, оның ішінде 430 бала бар. Астана күні қарсаңында Екібастұзға Нұр-Сұлтаннан қоныс аударушылардың алтыншы легі келді. Бұл 27 отбасы.