Кәмелетке толмаған үш бала, вагонды екі жыл паналаған. Бүгінде балалар Қонаев қаласындағы дағдарыс орталығына орналастырылған, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Алматы облысы прокуратурасының ресми өкілі Аида Иманалиева мәлімдеді.
Тексеріс барысында Алатау қаласында мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасы анықталған.
Алматы облысының прокуратурасы «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында 12 784 отбасын аралап, Алатау қаласында мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасын анықтады. Бала ауыр дертке шалдыққан (Краббе ауруы, ақуыз-энергетикалық жеткіліксіздік), алайда оны емдеуге және лайықты өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету үшін отбасы қаржы тапшылығын көрген. Прокуратура мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен күш-жігерінің арқасында отбасына азық-түлікпен көмек көрсетіліп, 3 тонна көмір жеткізілді. Сондай-ақ бала медициналық тексеруден өтіп, облыстық балалар клиникалық ауруханасына жатқызылды,- деді Алматы облысы прокуратурасының ресми өкілі Аида Иманалиева.
Тағы бір жаға ұстатарлық жағдай, шаруа қожалық аумағында вагонда тұрып жатқан үш кәмелетке толмаған баласы бар отбасы анықталды.
Қазіргі уақытта отбасы Қонаев қаласындағы дағдарыс орталығына орналастырылды. Жоба аясында 911 аз қамтылған отбасына азық-түлік, көмір және балаларға қысқы киім түрінде материалдық көмек көрсетілді, 3 978 бала медициналық тексеруден өтті, олардың 164-і ауруханаға жатқызылды, 155 мұқтаж отбасыға атаулы әлеуметтік көмек рәсімделді, 212 бала тұрғын үй кезегіне қойылды, 26 отбасы баспанамен қамтылды, 126 балаларға арналған іс-шара ұйымдастырылды, - деді Аида Иманалиева.