"Екі күннің бірінде өрт". Бектенов бір айда 130-дан астам өрт шыққанын айтты

12 Қараша 2024, 10:40
361
Бөлісу:
"Екі күннің бірінде өрт". Бектенов бір айда 130-дан астам өрт шыққанын айтты
Фото: BAQ.KZ Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министр Олжас Бектенов жылу беру кезеңінде өрттердің 50%-ға жуығы пештер мен мұржалардағы ақаулардың кесірінен болатынны айтты , деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жылу беру кезеңі енді ғана басталды. Ал, еліміздің тұрғын үй секторында екі күннің бірінде өрт шығады. Пеш жағу кезінде қарапайым қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан бір айда 130-дан астам өрт тіркелген. Сондай-ақ иіс тиіп уланған жағдайлар жиілеп кетті. Қаза тапқандар да бар. Оқыс жағдайларды барынша азайтпасақ болмайды. Жылу беру кезеңінде өрттердің 50%-ға жуығы пештер мен мұржалардағы ақаулардың кесірінен орын алады. Алайда, өрттің негізгі шығу себебі жылыту пештері мен қазандықтарды пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзу болып отыр. Төтенше жағдайлар министрлігі осыған баса назар аударып, мұндай бұзушылықтарға бей-жай қарамауға тиіс, - деді Бектенов үкімет отырысында.

Үкімет басшысы министрлікке тек ұсыныс берумен шектелуге болмайтынын айтты.

Ол үшін газ-техникалық инспекцияның өкілеттігін күшейту керек. Төтенше жағдайлар, Ішкі істер министрліктері мен әкімдіктер бұл бағыттағы профилактикалық жұмысты күшейтуі қажет. Осыған байланысты мына мәселелерге назар аударамын. Бірінші. Әкімдіктер Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, тұрғын үй секторында жаппай өрт қауіпсіздігі айлығын ұйымдастыруы қажет. Бұған әкімдіктердің газ-техникалық инспекциясын тарту керек. Бірінші кезекте, халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлерін есепке алған жөн. Олар ерекше бақылау аймағында болуға тиіс. Осындай үйлердің барлығына улы газ датчиктерін тегін орнату қажет. Алайда Жетісу, Ақмола, Ақтөбе облыстарының және Алматы қаласы әкімдіктерінің бұл бағыттағы жұмыстары мардымсыз екенін атап өткім келеді. 2%-дан 14%-ға дейін ғана қамтылған, - деді Олжас Абайұлы.

Еске сала кетейік, осыған дейін газ баллондарын бензин құятын станцияларда толтыру - заңға қайшы екені айтылды. Сондай-ақ Үкіметте өрт сөндіру бөлімшелерін салу тәсілі қайта қаралатыны туралы да айтылды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов мәлімдеді.

Өзгелердің жаңалығы