Екі бала тірідей өртеніп кетті: Ақтөбе облысында жанармай бекетінің иесі сотталды

Газ баллоны жарылып, анасы мен 10 және 6 жастағы екі қызы қаза тапқан.

 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов 17 Қазан 2026, 12:19
17 Қазан 2026, 12:19
88
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Ақтөбе облысында өрт салдарынан екі бала тірідей жанып кеткен жанармай бекетінің иесіне сот үкімі шықты. Сотта кәсіпкер кінәсін толық мойындап, жәбірленушілерге материалдық және моральдық шығынды өтеген. Сондай-ақ олардан кешірім сұраған. 

19 маусым күні түнде Ақтөбедегі жанармай бекетінде газ баллоны жарылып, көлік өртенген. Өрт сөндірілгеннен кейін көлік салонынан жас әйел мен оның 10 және 6 жастағы екі қызының мәйіті табылды. Қаза болғандардың тағы бір туысы денесінің 45 пайызын күйік шалған.

«Диапазон» басылымының жазуынша, отбасы сол күні кешке қалаға сауда жасауға келген. Жолай жазғы асүйде пайдаланатын газ баллонын толтыруды ұйғарған.

Алайда тергеу барысында сол күні бекетте бір күндік жұмысқа қабылданған 20 жастағы оператор болғаны анықталған. Кейін оның орнына 18 жастағы інісі келген.

Қаза тапқан әйелдің күйеуінің айтуынша, газ құю кезінде баллонды көліктің жүксалғышынан шығармаған, оған тек шлангіні созған. Әдетте сыйымдылығы 30 литр баллонға 29 литр газ құйылатын. Ал бұл жолы есептегіш 40 литрден астам газды көрсеткен. Мұны байқаған ер адам операторға газ құюды тоқтатуды айтып айқайлаған. Алайда қызметкер «Стоп» батырмасын таба алмаған.

Жарылыс болған сәтте отбасының әкесі көшеде жүрген. Ол әйелі мен балалары дәретханаға шығып кеткен деп ойлаған. Соған қарамастан, кейін сотталушыны кешіргенін айтқан.

Бір күнге жұмысқа қабылданған оператордың сөзінше, ол жұмыс туралы хабарландыруды мессенджерден көріп, 15 мың теңге табуды көздеген. Алайда кешке жұмыстан кетуіне тура келгендіктен, орнына 18 жастағы інісін қалдырған.

Жанармай бекетінің иесі соттан жаза тағайындау кезінде жәбірленушілерге келтірілген материалдық және моральдық шығынды толық өтегенін ескеруді сұраған. Ол тағы да кешірім сұрап, өзін кешіргендері үшін жәбірленушілерге алғыс айтқан.

Сотталушының айтуынша, бұған дейін мемлекеттік қызметте жұмыс істеген және заң бұзбаған. Оның асырауында кәмелетке толмаған ұлы мен студент қызы бар.

Сот жанармай бекетінің иесін төрт жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Ол жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтейді.

Наверх